top of page

Менің бір байқағаным – Сәбеңмен дос- жарандас, сыйлас, пікірлес болып жүргендердің қай-қайсысы болсын, бір кісіге өзгеше қарыздар-ау деп ойлаймын. Ол кісі- Сәбеңнің өмірлік серігі Мәриям жеңгей. Үйіне қашан, қай уақытта барсаң да, Мәкең жарқын жүзбен қарсы алар еді. Берекелі дастарханды кең пейіл көңілмен, әдемі әзіл-оспағын айта жүріп жая білетін Мәриям жеңгеміз Сәбеңнің өз ғұмырында көп адаммен дос болуына себепші болғаны анық. Бір жолы әзілдеп, Сәбеңе былай деп едім: «Сізді құдай жарылқаған екен, Сәбе. Егер де Мәриям жеңгейге үйленбесеңіз, осындай салиқалы да, сарамжал кісіден өмірлік серік таппасаңыз да, қайдам, тап қазіргідей атақты Мұқанов атты халық адамы болуыңызға шүбәм бар», - дедім. Жарықтық Сәбең, мәз бола қарқылдап күліп: «Әй, Бауыржан, ол дұрыс, ол дұрыс», - деді.

Бауыржан Момышұлы

 

Мәриям апа кезінде Сәбеңдей ұлы жанның адал жары болса, бүгінде ақылгөй ана. Ол кісі ертедегі Домалақ ана, Ақжүніс тәріздес десек артық айтқандық емес.

                                                                                                                   Қасым Қайсенов

- Кейде Жазушылар одағының ол кездегі жұпыны кеңсесінде, көбінесе Сәбең пәтерінде, Сәбеңнің мейірімді, жомарт, асыл жары, жан серігі Мәриям жеңгейдің қою шайын ішіп отырып, жаңа жыр-дастандарымызды оқи беретінбіз.

                                                                                                Қалижан Бекхожин

«Қазақты дүние жүзіне танытар ұлы тұлғаларымыздың бірі» ретінде ЮНЕСКО аясында жүзжылдық мерейтойы кеңінен аталып, әлем жұртшылығының ықыласына бөленіп отырған бүгінгі Сәбеңнің өлмес рухына бағышталған жиынымыз да сол суреткер мұрасына көрсетілген, әлі де көрсетіле берер өлшеусіз құрметтің жарқын нышаны, асылын айыра білер халқымыздың киелі де құдіретті көркем сөзіне деген махаббаттың белгісі.

                                                                                  Нұрсұлтан Назарбаев

Сәбит Мұқанов – өрісі кең, керісі мол, қуанышы аз, өкініші көп өткеніміз ғана емес, өмір айдынына желкенін жайып, дәуір, заман, қоғам тану өрісіне жаңа бет бұрып, енді ден қоя бастаған жеткіншек  ұрпаққа ұсынар   ғибраты мен берер тәлімі мол, ұлағатты ұстазымыз.

Сәбит Мұқанов – сіздер мен біздер әр алуан ой толғап, әр қилы баға беріп жүрген, жиырмасыншы  ғасырдың   төл перзенті, қазақы көркемсөздің хас шебері, қазақ әдебиетінің классигі, ұлы суреткеріміз, алаш жұртының атын сөзі жетер қиырдың бар тұсына жайған ардақтымыз, көрнекті қоғам қайраткері, академик-ғалым, алып дәуір тудырған санаулы алып тұлғаларымыздың бірі.

 Нұрлан Оразалин

bottom of page