top of page

1917 жылғы Қазан төңкерісін қазақ халқына келген теңдік‚ бостандық деп танып‚ әдебиетке кедейдің жырын жырлай келгендер ішінде коммунистік идеяға берілгендігімен ерекше көзге түскен Сәбит Мұқанұлы тек көркем шығарма жазумен ғана айналыспай, 1920-30 жылдары әдебиеттегі идеялық күреске белсене араласып‚ сын мен әдебиеттану саласында да қалам тартты. Сәбит Мұқанұлы әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір‚ заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетик. мәні жоғары да бағалы. Оның артында қисапсыз мол мұра - 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар мен қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер‚ т.б. сан-салалы кітаптар қалды.

Сәбит Мұқанұлы қазақтың 19 ғасырдағы ойшыл-ғалымы Ш.Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Осы жөнінде шығарма жазу мақсатын жүзеге асыру үшін Қытайда, Шыңжаң өлкесінде болып, Шоқанның сонда өткізген өмір кезеңдерін, бастан кешірген оқиғаларын зерттеп білді. Омбы және Ленинград қалаларының мұрағаттары мен кітапханаларында болып‚ Шоқан өміріне қатысты материалдар жинады. Соның нәтижесінде оның қаламынан «Жарқын жұлдыздар» атты зерттеу еңбегі туды.

Сәбит Мұқанұлы әдебиеттану саласына да көп еңбек сіңірді. Ол өз ұлтының көркем мұрасын терең игерумен бірге‚ поэзия теориясының қағидалары мен ережелеріне‚ өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Орыс символизмінің әдеби‚ эстетикалық және философиялық мәндерін ұғына отырып‚ оны өз өлеңдерінде қолдана білді.C.Сейфуллиннің «Советстаны» мен І.Жансүгіровтің «Дала» поэмаларындағы фольклорлық ізденістерге‚ ұйқас‚ ырғақ‚ шумақ құрылысындағы соны өзгеріс-құбылыстарға зер салды. «Поэзия мәселесі» дейтін зерттеуінде (1933) «Маған қазақ өлеңінің 4 аяқты‚ 6 аяқты‚ 8 аяқты түрлері күрделі пікір айтуға қолды байлайтын секілденді. Сондықтан мен «Тұрмыс тұлпары» өлеңімнен бастап халық әдебиетінің шұбыртпалы түріне бет алғандай болдым. Маған шұбыртпалы түрдің («Қобыланды»‚ «Алпамыс») екпіні‚ ырғағы 6 аяқтардан күшті сияқтанды. Шұбыртпалы түрдің құшағы пікір құшақтауға кең тәрізденді» деп жазады.

Ол сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композициялық‚ сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып‚ олардың халық шығармашылығындағы орнын анықтады. Эпикалық жырлардың жанрлық тарихи сипаттары мен әдебиеттегі орнын белгілеуде фольклорлық мұраны жариялау‚ зерттеу ғылымына өзіндік үлес қосты.

18-19 және 20 ғасырларлардағы әдебиет тарихы және ақын-жыраулар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды. 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Әдебиет туралы ашық хат» жариялап‚ онда "Қазақстанда әдебиетті зерттеу жөнінде істелген іс атымен жоқ‚ сондықтан біздің міндетіміз аздап болса да‚ әліміз жеткенше осы істелмей жатқан іске атсалысу" деген пікірін білдірді.

bottom of page