top of page

С.Мұқановтың әдеби мұрасын сақтап, насихаттауға арналған тарихи-мәдени мекеме. Алматы каласында, Төлебаев көшесі 125/3, С.Мұқановтың өзі 1965-1973 жылы тұрған үйінде 1978 жылы 21 қарашада ашылған. Мұражай үйі әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұрады. Мұражайдың әдеби бөлімінде жазушының зерттеулері мен сын мақалалары, монографиялары, ҚР ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық дипломы және тағы басқы құжаттар бар. Оның 1922-1935 жылы Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург), Мәскеуде оқыған кезіндегі суреттер мен кұжаттар рет-ретімен орналастырылған. Мұнда Тәттімбет пен Үкілі Ыбырайдың фотосуреттері бар. Суретші Ү.Әжиевтің С.Мұқанов пен орыс жазушысы М.Горькийдің достығын бейнелейтін "М.Горький және С.Мұқанов" атты картинасы да осы залда. Жазушы наградалары - екі Ленин ордені, екі Еңбек Қызыл Ту," Құрмет белгісі" ордендері, КСРО медальдары, сондай-ақ оның Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаттығына бірнеше рет сайланған куәліктері қойылған. Мұражай экспозициясында түрлі қолжазбалар, жазушының поэзиялық, прозалық және әдеби сын шығармаларының басылымдары бар. Жазушының "Сұлушаш" (1928), "Адасқандар" (1931), "Жұмбақ жалау" (1938), "Балуан Шолақ" (1941), "Сырдария" (1948) романдары мен "Шоқан Уәлиханов" (1953), "Қашқар кызы" (1958), "Сәкен Сейфуллин" (1964) атты драмалық шығармалары туралы мол мәліметтер берілген. "Адасқандар" (1931) романының басты кейіпкері - Бүркіт (Сұлтанбек) пен Бәтестің (Бәтима) түпнұсқа суреттері, махаббат хикаясына байланысты көне күнделіктің мұқабасы, Қызылорда қаласындағы сотқа (1927) қоғамдық айыптаушы ретінде қатысқан С.Мұқановтың куәлігі қойылған. "Балуан Шолақ" романының (ҚХРШыңжаң) араб әрпімен басылған нұсқасы, Шәкәрімнің 1933 жылы Сәбитке жазған хаты мен фотосуреті, М.Жұмабаевтың "Шолпан" өлеңдер жинағы (1913), М.Дулатовтың "Бақытсыз Жамал" (1914) романы, Ж.Аймауытовтың "Мансапқорлар" (1925), т.б. Мұқановтың жеке мұрағатында сақталған кітаптар бар. Мұражайдың мемориалдық бөлімінде жазушының қабылдау бөлмесі, жұмыс орны, демалыс бөлмесі толық сақталған. 4 мыңға жуық кітабы бар кітапханасы да осы бөлімде. Тұрмыстық заттары, үй жиһаздары, шетелдерден келген түрлі сыйлықтар, картиналар, т.б. экспонаттар қойылған. Мұражайда түрлі дәрістер оқылып, кинофильмдер көрсетіледі. Кейін С. Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов мұражай-үйлері әкімшілік басқару жағынан біріктіріліп (8.2.1999), "С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешені" деп аталды. Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы жаңартылды, 8 мыңнан астам экспонат жинақталды. (2000)

bottom of page