top of page

     1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген бала Бауыржан мектепті үздік бітіреді, Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты тәмамдап, жастайынан мектепте мұғалім, Шымкент, Алматы өнеркәсіп банкілерінде қаржы қызметкері ретінде еңбек етеді. Қызыл Армия қатарына алынған жас Бауыржан взвод, рота командирі, полк штабы басшысының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариаты нұсқаушысы қызметтерін атқарып ысылады.

      Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда қолбасшы Бауыржан 316 атқыштар дивизиясының (кейінірек Панфилов атындағы 8 гвардиялық дивизия) жасақталуына белсене атсалысып, осы бөлім құрамында батальон, полк командирі, кейін дивизия командирі ретінде Мәскеу түбінде, Калинин майданында ерлігімен даңқы шығады. Батыр Бауыржан соғыстан кейін де он жылдай әскери қызметте болып, Ворошилов атындағы академияны, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны аяқтап, осы әскери оқу орындарында генералдарға сабақ беріп, ұстаздық етеді.

       Әскери қызметтен кейін жазушы Бауыржан әдебиет майданында да ерліктің үлгісін көрсетті. Оның қарымды қаламынан «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Куба әсерлері», «Ел басына күн туса», «Ұшқан ұя», «Адам қайраты» тәрізді кітаптар жарық көрді. Көзінің тірісінде аңызға айналған ұлы тұлға – қазақтың Бауыржаны 1982 жылы 10-маусымда дүниеден өтіп, кезінде ерлігі еленбеген оған 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

     Алайда бұл ғұмырнамалық сипаттама да Бауыржан кім деген сұраққа толық жауап бере алмайды. Оның ақындығы мен суретшілігі, қолөнер шеберлігі, музыкадан хабардарлығы, құралайды көзге атқан мергендігі, ат құлағында ойнайтын шабандоздығы мен атбегілігі, турникке тартылу мен басқа спорт түрлерінен жетістіктері, бильярд ойынындағы шеберлігі және т.б. қырлары көпшілік үшін жақсы таныс емес. Сан алуан талант пен адами қасиеттерді бір бойына тұтас жинаған Баукең қазақтың нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматы еді.

bottom of page