top of page

       Қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі – Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы. Қазақта «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөз бар. Бауыржан сияқты халқының ұлдарына байланысты айтылған сөз болар, сірә. Батырдың өмір жолына көз жүгірте отырып, амалсыз осындай ойға қаласың. Ол Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылында дүниеге келген. Шымкенттегі 7 жылдық мектеп-интернатын бітірген соң, біраз жылдар мектепте мұғалім болыпты. Бұл сол кездегі ең бір абыройлы, беделді мамандықтардың бірі. Сол кездің өзінде-ақ еңбекқорлығымен, өз қызметіне деген ынта, жігерімен, дарынымен көзге түскен жас жігітке аудандық комитеттің хатшысы, милиция бастығы сияқты аса жауапты қызметтер сеніп тапсырылған. Бауыржан Момышұлы әскер қатарына 1932 жылы алыныпты. Еңбекқор, іскер азаматтардың қандай да болсын істен нәтиже шығара білетіні белгілі. Баукең бойындағы мұндай қасиеттерін әскер қатарынан оралғаннан кейінгі жылдары көрсетсе керек. Осы уақытта біраз жылдар Шымкент, Алматы қалаларындағы банк саласында жемісті еңбек еткен ол, жақсылап қолға алса, өзінен тәп-тәуір қаржыгердің де шығатынын көрсеткен. Бұдан әрі қарай Баукеңнің өмірі өзінің туа біткен қасиеттерімен байланысты, яғни әскер саласындағы қызметтермен жалғасады. Яғни ол 1936 жылы Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты тәмамдап, қайтадан Қызыл Армия қатарына алынған. Онда жүріп, взвод, рота, командирі полк штабы бастығының көмекшісі сияқты басшылық қызметтерді атқарады. 1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болады. Ал Ұлы Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар дивизиясының жасақталуына ат салысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады. Онда Баукең немістермен Мәскеу түбінде болған айқастарға қатысып, әйгілі 8-ші гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болып, соғыс бітердің алдында осы гвардияны басқарады. Тап осы сұрапыл соғыс жылдарында ол өзінің асқан ерлігімен, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген білікті жауынгерлік қасиетімен ерекшеленіп, оның атақ-даңқы аңызға айналады. Соғыстан соң Баукең Кеңес армиясы Бас штабы жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген. Ал 1950-1956 жылдар аралығында әскери академияда сабақ берген және түрлі әскери қызметтерді атқарған.

bottom of page