top of page

Абай, неше ғасыр өтсе де Абай болып қалады. Лермонтов, Блокта солай. Жаңа заманда салынып жатқан қабырғасының қалыңдығы бір қарыс зәулім үйлердің кім білсін қанша жыл тұратынын. Әйтеуір, XIX ғасырда салынған кірпіш сарайлардай ғұмырлары жоқ екені белгілі. Кейбіреулер қазақ жырын қаншама қырық құбылтқанымен, Құран тектес қасиетті қара өлең Қасымнан, Мұқағалидан қалған шекпенін жамылып, ұрпақтарының алдынан шығады.Қазақтың қазақы болмысы бұзылмай тұрған шақтағы қыр сұлуларының шын күмістен құйылған, сыңғыр еткен сайын жарыңды жаулап жарқ ететін шашбау – түймелеріндей Ғалымның да өзгеше өрілген өлеңдері сол қатарда тұруы хақ.

Мен Ғалым Жайлыбай ақынның қазақ сәйгүлікке салар «қаз мойын қасиетті құрама еріндей» жақұт жырлары оқырманына ой салып, көңіліне қуаныш ұялатынына сенемін.

 

 

Фариза Оңғарсынова,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Ғалым өлеңдерінің лирикалық қаһарманы – дала перзенті, тайға мініп жылқы баққан малшының баласы. Оның жастығы көшпелі ауылда, далада, мал ішінде өткен. Мал болғанда – жылқы. Жылқы бағу ол кезде кез келген малшының еншісіне бұйырмаған. Атқа міну, ат үстінде еңбек ету жаяу немесе өгіз мінген малшыға қарағанда, құрметті жұмыс саналған. «Ат үстінде ұмыттым кедейлікті, Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім» деп Жұбан ақын айтқандай, атты қазақ қиялыға, романтикалық көңіл күйге бір табан жақын болған. Ғалым қаһарманы да «тай мініп, жеткізбейтін сағымды қуып» ғұмыр кешеді, қолына тобылғы сапты қамшы ұстап «түн түндігін қамшысымен тілгілеп» өседі, «жылқы мінезді жылқышының баласы тұнықтың тұнығын іздейді», «зулаған күннің белестері оның ойын ұштайды»

 

 

Серік Қирабаев,

академик.

bottom of page