top of page

   Ақын Ғалым адам болмысындағы бекзат қадір-қасиеттеріне ғашық. Ол адалдық, адамдық, тазалық, кісілік, ізгілік сынды періштелік мінез-құлықты ардақтап, сол ізгі қасиеттерді қастерлеп, іңкәрлікпен, құштарлықпен жыр кестелеуге құмар. Осылайша тебіреніп, толқып, шабыттана шалқып жыр төккен талантты ақын Ғалым Жайлыбайды қазіргі қазақ поэзиясының көгіндегі жұлдыздардың бірегейі десек жарасар!

   Бір орнында тұрған дүние жоқ. Бәрі ұдайы қозғалыста, өзгерісте. Ендеше, сол өзі ғұмыр кешіп жатқан заман мен қоғам, оның қордаланған күрделі мәселелері, сол ортадағы сан тағдырлы адамдардың тіршілік-тынысы, ой-мақсаты, арман-аңсары ақынның сезімін тербетіп, сол кезеңнің сыр-сипаты ойлантып-толғантпауы мүмкін бе?! Олай десек түбірінен қателесер едік.

Бұл, әрине, ақын күнделікті тіршіліктің кез келген оқиғасын, дерегі мен керегін қалдырмай өлең жолдарына түсіріп отыр­сын деген пікір емес. Ақын өзі өмір сүріп жатқан заман және замандастары – яғни адамдардың жан сарайын ашып, ізгі қасиеттерін, үкілі үміттерін, мөлдір сезімдерін, мұң-шерін, қуаныш-шаттығын егілтіп-төгілтіп жырлай алса ғана нағыз ақын. Ақынның азаматтық болмысының риясыз ашылып, ел-жұртының алдындағы перзенттік парызының өтелуінің нақты көрсеткіші осылай сипатталса керек. Міне, осы тұрғыдан келгенде де Ғалым Жайлыбай ақынның лиро-пәлсапалық поэзиясы айрықша бағалауға лайық, ұлттық рухани қазынасына қосылған олжа.

   Мына ұстараның жүзіндей болған құ­былмалы заманда әдебиет қоғам өмі­рінен қол үзіп, әлеуметтік мәселелерден шет қалса не болғаны?! Ұлтының жоғын жоқтап, барын базарлап жырға қосу – хас ақынның қастерлі борышы ғой.

   Ақынның атамекені жазиралы Жаңа­арқа мен іргелес қара орманды Қарқаралы өңірінде жусан жұпар шашпайтын болған. Себебі Байқоңырдан көкке көтерілген ғарыш кемелері кей-кейде жеріне жетпей осы аймаққа құласа ұлан дала гептаннан уланып, табиғат та, адамдар да жапа шегуде. Осынау оқиға абзал жүректі ақынды неге қайғыртып, қанын қайнатпасын.            Құрдасының «уды у қайтарады» дегеніне сеніп араққа аңқасы кеуіп тұратынын ашына өлеңіне қосуы да орынды.

bottom of page