top of page

Аудандық Б.Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханасы

 

Жаңаарқа ауданы тума таланттарға өте бай. Ауданымыздан шыққан әлемге танымал әншілер, сазгерлер, ақын жазушылар қаншама! Сәкен Сейфуллин,  Ақселеу Сейдімбеков, Серік Қирабаев, балалар жазушысы Жақан Смақов т.б. есімдерді мақтанышпен айтуға болады. Олардың баға жетпес әдеби мұралары қазір де әр оқырманның жүрегінде. Осы мәдени құндылықтарды сақтауда біздің кітапхананың рөлі ерекше. Тәуелсіздік алаңында орналасқан Б.Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханасы аудан тұрғындарына жақсы таныс.

Балалар кітапханасының тарихы 1954 жылдан 280 кітап қорымен бастау алған. Кітапхана 2010 жылдың 29 маусым айынан бастап үлгілі кітапхана болып есептелді. 2010 жылдың 18 қазанында кітапханаға ауданымыздың алғашқы ұстаздарының бірі Балғатай Өтешов есімі берілді.

Кітапхана балаларға білім шуағын шашып, көңілге ұлттық рух ұялатады. Әсем безендірілген: «Менің Отаным – Қазақстан», «Ана тілім ажарым – асыл мұрам», «Мәдени мұра – халық қазынасы», «Саялы өлкем, сазды өлкем – Жаңаарқа», «Балалар жазушыларының күн дидарлы әлемі», «Кел, балалар оқылық!», «Білім еліне саяхат», «Өзің оқы, өзгелерді қызықтыр» т.б. кітап көрмелері оқырманды өзіне тартып, білімге бет бұрғызады.

Балалар кітапханасының қорында  21379  дана кітап бар. Оның ішінде қазақ тілінде 10294 дана, жыл сайын пайдаланушылар келімі 20727, кітап берілімі 41526 данаға жетеді. Балалардың мерзімді басылымды қоры 30 астам атаулы газет-журналдарды құрайды. Балалар кітапханасында: оқу залы, абонемент қызмет көрсетеді.

Қызмет көрсету жүйесі пайдаланушылардың жас ерекшелігіне байланысты ұйымдастырылған. Кітапхана пайдаланушылары мектеп жасына дейінгі балалар. 1-9 сынып оқушылары, және балалар оқушылары жетекшілері: мұғалімдер, тәрбиешілер, ата- аналар.

Кітапхананың негізгі мақсаттары мен бағыттары:

  • Ақпаратты кеңінен пайдалануға мүмкіндік жасау;

  • Қазақстанның тарихына, әдебиетіне және мәдениетіне деген оқырмандардың қызығушылығын арттыру;

  • Қазақстандық отансүйгіштік тәрбие беру,

  • Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту;

  • Құқықтық білім негізін насихаттау;

  • Оқырмандардың экологиялық білімділігін арттыру;

  • Балаларды салауатты өмірге қалыптастыру.

Кітапхана мына бағдарламалар бойынша жұмыс атқарады:

  • Кітап және жанұя

  • Мәдени мұра

Кітапханада отбасылық оқуды насихаттау мақсатында, кітап және жанұя бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында отбасылық оқу бұрышы ұйымдастырылған. «Отбасымен оқимыз!», «Атамекен» клубтары, «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс істейді.

Жазғы демалыс кезінде кітапхана өз оқырмандарын қызықты да танымдық «Жазғы демалысқа жақсы кітап» қатысуға шақырады.

Сонымен қатар кітапханада:

  • Қажет деген кітапты абонементтен алуға;

  • Интернетпен жұмыс жасауға;

  • Белгілі бір тақырыпқа әдебиеттерді таңдауға ұсыныс беруге;

  • Жазба түріндегібиблиографиялық сұраныстар алуға болады.

Кітапхана бағытындағы өзекті жұмыстың бірі көпшілік іс-шаралар жұмысы. Кітапханада көпшілік мәдени ойын-сауық және танымдық іс-шаралар өткізіледі. Көпшілік іс-шаралар түрлі, сан алуан шоудан бастап, танымал азаматтар мен қызықты кездесулерге ұласады. (Ауданымыздың ақын-жазушылары, соғыс және еңбек ардагерлері, сала мамандары). Мақсаты жас оқырмандарды өз өлкесінің рухы биік, асылдарын танып біліп, еңбектерін оқулары арқылы өлкесіне, отанына деген сүйіспеншілік сезімін дәріптеу. Оқырмандардың жас ерекшеліктерін ескере отырып пайдаланушылар арасында библиографиялық, кітапханалық сабақтар жиі өткізіліп тұрады. Оқырмандардың түрлі сұраныстарына жеке және топтық кеңестер мен ұсыныстар береді. Мақалалардың жүйелі картотекасы, өлкетану картотекасы және тағы басқа картотекалардың қызметін ұйымдастырады. Оқырмандар кітап қорын ашық пайдалануға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар мектептермен тығыз байланыста әртүрлі іс- шаралар өткізеді.

Пайдаланушылар 2010 жылдан бастап интернет, электрондық почта, СD-ROM қызметін пайдалана алады.

Біздің кітаханашылар дарынды да инабатты, қолынан бәрі келетін іскер ханымдар. Аудандық «Кітапхана – ұлттық дәстүрді сақтаушы және оны кейінгі ұрпаққа жеткізуші» атты байқауға қатысты. Байқауға «Қош келдің, Әз наурыз!» атты сценарий дайындап «Бас жүлдені» жеңіп алды. 2011 жылы кітапханада ауылдық кітапханашыларға облыстық мамандармен бірлесіп «Балалар кітапханаларын ақпараттық жаңа технологиялармен қамтамасыз ету: жетістіктері мен мүмкіндіктері» атты тәжірибелік семинар жыл сайын облыстық, аудандық кітапханалардың әдістемелік бөлімдер ұйымдастыратын байқаулар, семинарлар, практикумдарына қатысып, білім жетілдіреміз. 

Біздің кітапхана ауданымызға қарасты ауыл кітапханалары үшін әдістемелік- библиографиялық орталық болып табылады. Сондықтан ауылдық кітапханашыларға көмек ретінде түрлі бағытта әдістемелік библиографиялық құралдар шығарады.

Кітапхана үйі бірнеше рет ауыстырылды. Әуелі «Пионер» үйімен бірге «Школьная» көшесінің ескі ғимаратында,  кейін мәдениет сауық орталығының ғимаратында, 2009 жылы аудан әкімінің қаулысымен, Тәуелсіздік 5 көшесінде әкімшілік ғимаратының оң жақ, 1 қабатына орналасты. 2016 жылы біздің  балалар кітапханасы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша,  Ә. Оспанов 43 көшесінде орналасқан халыққа қызмет көрсету мекемесінің ғимаратына көшті. Кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимарат  аумағы  - 156,3 шаршы метрді құрайды.

Сөз жоқ, бұл жағдай кітапхана қорындағы құжаттардың сақталуына әсер етпей қойған жоқ.

1976 жылы кітап қорлары ББК жүйесіне көшірілді. Кітапхана қорына алфавиттік және жүйелік каталогтар ұйымдастырылды.

1980 жылдан бастап кітапхана жыл сайын «Балалар кітап апталығын» өткізіп келеді.

1984 жылы социалистік жарыстың қорытындысында «Үздік кітапхана» атағын жеңіп алды.

1990 жылдан бері іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшіріліп тиянақты жұмыс істеліп келеді.

1990 жылдары нарықтың қыспағы балалар кітапханасына да келген. Сонда кітапханашылар әр басылымға жаңашырлықпен қарап, білім бұлағының нәрін қазіргі ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың рухани қазынасы кітаптарды сақтап қалған.

Әр жылы Трофимцева Н.Г., Қызылбаева З.Т., Тулеева Ф., Сағатова Ш., Жарылғапова Г.Б., Акимова С.,  Алшынбекова Ұ., Ахметова М. кітапхана меңгерушісі болып басшылық етті, кітапханашылар К.Бейбітова, С.С.Шайхина, А.К.Оралбаева, Ж.С.Смайлова т.б. жұмыс атқарды.

Әсіресе осы кітапханаға көп жылдар басшы болып еңбегі сіңген Алшынбекова Ұмсын Көжебайқызы, одан кейін Ахметова Маржан Ақатайқызы болатын. Қазір ол кісілер зейнеткерлік демалыста. Одан кейін ордалы білім шаңырағын білікті де талапты жастарға іскерлігімен, ойының тереңдігімен үлгі болған Кожамберлина Раушан Серғалиқызы басшылық етіп отыр.

Бүгінде кітапхана дәстүрлі қызмет түрлерінің жаңа әдістері, озық технологиялар арқылы оқырманға қызмет көрсетуде. Кітапханада төрт кітапханашы қызмет етеді. Олар өз ісінің мамандары Нығманова С., Молдабекова Р., Ускембаева Ш., Сарыбаева Г.,  сынды кітапханашылардың еңбекке деген сүйіспеншіліктері нәтижесінде 2182- ден астам оқырмандарға қызмет етеді, оларға жыл сайын  41526-дан аса құжаттар беріледі. Б. Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханасы әр уақытта өз пайдаланушыларын ықыласпен күтіп алып, көмек көрсетуге әзір.

bottom of page