top of page

      ХІХ ғасырдың 2-жартысында өмір сүрген қазақтың әнші - ақындар тобының көрнекті өкілдерінің бірі - Ақан Қорамсаұлы. Ақан 1843 жылы қазіргі Көкшетау облысының Володаровка ауданында Қоскөл деген жерде туған. Шын аты - Ақжігіт. Ата-анасы еркелетіп Ақан атандырып жіберген.13 жасында әкесі Ақанды діни мектепке оқуға берген. Бірақ ұғымтал, сергек ойлы бала Дүмше молданың шалдыр-шатпағына көнбей, оқуды тастап кеткен.

        Арғын тайпасы Қарауыл руының Есенбай тармағынан шыққан  Әкесінің есімі  Қорамса, шешесі – Жаңыл.  Ақан сері жас кезінен өнерімен көзге түсіп, кейін ақындық, әншілік өнері кемелденген соң алты алашқа аты мәлім сері атанған.Әуелі ауылда,  содан  соң  Қызылжардағы Уәли(Ахметуәли) молдадан оқыған. 16 – 17 жасынан өнер жолына түскен. Шоқанның қазасына көңіл айтып, оны Көкшенің биігіне, теңіздегі кемеге теңейді, «40 темірдің қылауын қосқан өнерпаз» деп бағалайды.

         Бұл - арты аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі Ақан серінің шығармаларынан кең орын алды. «Ақ көйлек», «Аужар», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың»,  «Ақтоқтыға» арналған махаббат толғаулары.  Құлагердің мерт болуы егде тартқан Ақан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болды. Керей   Сағынайдың асындағы аламан бәйгеде Құлагер кісі қолынан мерт болды. Құлагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімі тебірене жырланған.

       Өмір соққысын көрген Ақан сері енді Жақсылықтан жамандық асып кетті, Бой бағып тұру артық келсе шамаң  дейді.  Ел аралауды сиретіп, бойын бағуды ойлайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады.     Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Бірақ Ақан сері өмірден де, өнерден де қол үзбейді. «Өнерді бойға біткен іркіп болмас» деп қарайды.

         Осы тұстағы ән-өлеңдерінің  елеулісі  –  «Балқадиша».  Бұл – өз теңіне атастырылған әдепті, сыпайы қыздың өнерлі ағаны қадір тұтқан сүйкімді қылығына разы ағалық қарыздар көңілден туған ән.

          90 жылдардағы Ақан сері шығармашылығында айтыс едәуір орын алды. Ақан серінің алғашқы айтыс-қағыс өлеңдерінің бірі – «Жүсіп төреге».   Орынбай, Нүркей тағы басқа он шақты ақынмен айтыстарының үзінділері ғана сақталған. Толығырағы – Нұрқожамен айтысы. Онда Ақан сері ел-жұртты тірек тұтады («Хақ қалаған Есенбай қарашамын, Алтын бесік халқыма жарасамын»), ақындық өнерді қадірлейді, туған жерді, халықты мақтан етеді.

      Ақан серінің елдің жер-судан, қоныстан айырылуына наразылық білдірген азаматтық лирикалары мен сықақ өлеңдері де өткірлігімен ерекшеленеді. Атбасардың указной молдасы Көктөбеттің Смағұлын, Атығай-Қарауылдың болысы  Сұрағанды, болыс Шоғармақты өлтіре сықақ етеді. Осы өлеңдері мен «Замана адамында» сері ел билеген әкімдерді «Кей жаман мал бітті деп әкім болар»,- деп әшкерелейді. Қонысынан айрылған елдің мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады.   Өмірінің соңғы кезеңінде жазылған өлеңінің бірі – «Қаратай». Ақан сері аулы қонысынан айрылып, орнына Комаровка ауылы орнағанда, ескі мекенге барып жүрген Қаратайды (Ақан серінің мінген аты) егінге түсті деген сылтаумен ұстап алып, сатып жіберіпті. Ат пен иесінің диалогы түрінде жазылған бұл өлеңде қуғыншы төрт орыстан қашып барғанда «Бүбірнай» (выборнай) Көшербайдың рақым етпегені, судьяның әділ үкім шығармағаны айтылады.  Соңында: «Орыс пенен қазақтың алдым несін?! Тәңір берген әркімнің несібесін. Ол түгіл жан салмаған Құлагердің, сөйлейді граммофонда әңгімесін», – деп, «Құлагер» әнінің сол заманда пластинкаға түсірілгенін    ескертеді. Өлер алдында шығарған «Мінажат» өлеңінде иман тілейді.

         Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. Әділіне көшсек, «Ақан сері» атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шар-тарапқа жетуі – әншілік-композиторлық өнерінің жемісі. Жасынан халықтың ән-күйінен сусындап, өзіне дейінгі әншілік дәстүрді толық меңгерген Ақан сері бертін келе, жігіт шағында серілік құрып, өзі де ән шығарады. Көкшенің сұлу табиғатына көз тігіп, оны албырт сезімді, әсерлі музыка үніне бөлейді.

          Әйгілі әнші-сері Балуаншолақ Баймырзаұлының (1864-1919) ел ішіндегі еркіндік-еркелігін, серілік-серкелігін көре алмағандар соңына сөз ілестіріп, Атбасар әкімдерін оған айдап салады. Ақыры пәле-жаланы қаптатып, мазалай берген соң, Балуаншолақ 1908 жылы дау-шардың ізі суысын деген мақсатпен өзінің әрі нағашысы, әрі рухани ұстазы Көкшетаудағы Ақан сері Қорамсаұлының ауылына келеді.

           Құшақ жайып, құрақ ұшып қарсы алған Ақан сері Балуаншолаққа ел-жер көрсетіп, көңілін сергітейін деген мақсатпен Қостанай жеріндегі қанжығалылардың ауылына алып жүреді. Бұл елде қадір білетін Шөңке бидің ауылында біраз қонақ болып, одан әрі шекті еліне барып қайтпақшы болады.

       Алыс ауыл, шалғай жұртқа талып жеткен Ақан сері мен Балуаншолақ шектілердің шетіне іліккен соң-ақ бір ауылдағы еңселілеу үйдің есік алдында қара-құрасы мол болған соң, қонағуар үй болар деп ат басын бұрды.

         Қос жолаушы сәлем беріп үйге кіріп келсе, үй іші толған қонақ дейді. Самарқау сөйлеп, сыздана сәлем берулеріне қарағанда үйдегі қонақтардың басы көпшілігі қожа-моллалар болып шығады. Олар қонақ келді-ау деп көңіл бөле қоймайды, дағарадай сәлделерін изесіп, шариғат туралы әңгімелерін жалғай береді. Ақан сері мен Балуаншолақ бел шешіп, елеусіздеу жайғасады. Қожа-моллалар қазақшылық жолмен жөн де сұрамайды, қонақжайлық танытып ығыспайды да. Бір-бірімен жарыса сөйлесіп, шариғат жолын айтысумен болады.

         Әрі-беріден соң Ақан сері қожалардың дүшелігін сезіп, өнімсіз сөздерінен жалығып, төңірегіне қараса, іргеде қалақтай бір домбыра сүйеулі тұр екен, қолына алып шерте бастайды. Қожа-моллалар домбыра дауысын естігенде шетінен одырая қарасып, жақтырмаған шырай танытады.

bottom of page