top of page
image_l.jpg

 Серінің ақындық жолы басқа халық ақындары сияқты дəстүрлі жолмен қалыптасады. Ақан өз шығармаларын жазып та шығарады. Сонымен бірге жатқа айтып, ауызекі де таратады.

Ақын еңбектеріндегі көп жырланған тақырып — жастық, достық, махаббат, əйел тақырыбы. Ол қалдырған мұраның бəрі — жүрек отының жалынындай, терең толғаныстардың туындылары. Оның поэзиясы — адамның сезім сырнайын тарта білген сыршыл да шыншыл поэзия. Əрбір сөзі азамат басына төнген қалың қара бұлттың тыныс тарылтар қапырығы ғана емес, нөсер жауын алдындағы жан жадыратар аспанның ақша бұлттары. Мұндай қасиеттер ең алдымен ақынның ғашықтық лирикаларына тəн.

Ақан серінің ғашықтық лирикаларының бір тобы аттары аталып, түстері түстелетін өзінің ғашықтары. Олар Ақтоқты, Ұрқия, Жамал, Балқадиша, Мақпал сияқты белгілі адамдарға арналған екен.

Ақынның ғашықтық жырларының енді бір тобы белгілі адамдарға немесе өзі ғашық болған қыздарға емес, жалпы қазақтың сұлуларына арналған еді.

Бұл еңбектерінде Ақан сөз құдіретімен сұлу бейнелерін бірінен-бірін асыра мүсіндеп бере алды. Жалпы саны 40 шақты өлеңді қатар қойып оқығанда бəрі де қыз сұлулығына арналған шығарма бола тұра, бірін екіншісі қайталамайды. Әрқайсысы өзіне ғана тән өзгеше  туынды  болып қабылданады.

bottom of page