"Ақындық асыл бекзаты"
Ақанның қасіреті өз табының қасіреті еді. Ақанның «дүние байлығы да» өз табының ішкі сырларынан туған зат еді.
Ақан сері жастайынан табиғат берген өнерімен ел алдында көзге түсіп, кейін өн бойы өнерін дамытып, ақындыққа жалғасты, кемелденген әншілік өнерімен алты Алашқа аты мәлім «Сері» атанды. Осы тұрғыда ақынның өмірі мен талантына қатысты көптеген мәліметтер мен естеліктер, жазылған еңбектермен алып қашпа әңгімелерде жеткілікті.
Ақанның қасіреті өз табының қасіреті еді. Ақанның «дүние байлығы да» өз табының ішкі сырларынан туған зат еді. Ақаннан да жақсы серілерді патша үкіметі біртіндеп қымқырып ала береді. Ылғи ойын-күлкі, сауық, мереке, думан ортасында өлеңдері Ақанның нәзік терең қасіретті екенін білдіреді.
С. Сейфуллин
Ілгергі өлеңдерінде бірталай сұлу сурет бар екені рас. Сонымен бірге, соңғы өлеңдерінің тілі тұтқыр, барлық өлеңдерінің тілі тарғыл екені рас. Осы өлеңдерді шығарған Ақанның өз өмірі жалпақ елге жат болғаны, жұмбақ болғаны тағы рас. Бұлардың бәрінің себебі Ақанның өмір сүрген дәуірінде. Ол дәуір – Нухақтың толқындары арасында қазақтың қайығы қалтылдап батып бара жатқан дәуір. Ойы – тұман, тілі – тарғыл да жасыған, ділі де жасыған. Қалың қазақ қайықтың батып бара жатқанын білмейді. Бірақ Ақан сықылды бірен-саран сезімпаз ұлдары ғана болар-болмас сезген де, көпке алдымен өзінің өмірімен ереуіл жасаған, оның өзінің – сері, жолдасының – пері атанғаны осыдан. Тұманды дәуірдің ұлы – Ақанның тілінің таза болмауы тағы осыдан. Ақанның барлық кемшіліктерінің үстіне бір сұлу сипаты – елдің сол дәуірдегі өмірін өлеңдерімен, әсіресе, өзінің өмірімен суреттей білген. Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек.
Біздің міндетіміз – өткенді аударып, ішінен көрнектілерін аршып ала білу, кешегі милы қазақтың «Ескісіз жаңа болмайды» деген мәтелін киімнің қолтығына ғана қамап қоймай, балапан әдебиетімізге де қабыстыру.
Сөз соңында Ақанның сөздерінің тегіс жиналмағандығын ескертеміз. Көкшетаудағы Біләл жолдас жинауға кіріссе дұрыс болар еді.
Мағжан ЖҰМАБАЕВ.