Халқы сүйген қаламгер – Мұхтар Шаханов
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Отырар ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Төле би ауданындағы Қасқасу елді мекенінде төбенің басында әкесі қаздырған жертөледе өтті. Сол жертөленің жоғары жағында тау бар, бала ақын алғашқы өлеңдерін таудың бетінде тастан жасалған орындықта отырып жазған. Ақынның әкесі Қасқасу елді мекенінде қари молда болған, ол Мұхтар 9 жаста болған кезде дүниеден өтті. Анасы 13 құрсақ көтерген.
Мұхтар Шахановтың анасы Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовты өз ұлындай көрген, екеуі де Шахановтың анасын өз анасындай құрметтеп өткен.
Шахановтың айтуынша, ол нағашы ағасы Ысқақтың қолында тәрбиеленген. Ол кісінің күніне бір адамға жақсылық жаса деген қағидасын өміріне азық етіп алып қалған. Сол кісінің өмірден өтерде араққа әуес болма деген бір ауыз сөзін де жерге тастаған емеспін, дейді ол.
"Анамыз көңілі дархан кісі болатын. Ол кісінің қолына ақша түссе, дүкеннен өзіне қажетін алып келіп, бөлмесіне қойып қоятын. Үйге келген кісілерге соны таратып, содан қуанышқа бөленетін. Атамызды көрген жоқпын. Мұқаңның түр сипаты сол кісіге ұқсаған деп ойлаймын. Енем үнемі тақымын қысып, іштей тілеуін тілеп отырушы еді", - дейді ақынның жары Ханшайым Шаханова.