Халқы сүйген қаламгер – Мұхтар Шаханов
Мұхтар Шаханов туралы замандастар пікірлері Мен үшін Олжас пен Мұхтар Шахановтың орны бөлек. Халқы да солай қадірлейді. Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, бірақ жауласуға жоқ, осындай ұлдары бар, осындай ақындары бар халықта не арман бар.
© Дінмұхамед Қонаев
Табиғат берген ақындық талантыңа қоса елім деп еңірегенде етегі жасқа толатын ұлы азаматы бола алсаң, халқың үшін құдайдың бергені емес пе? Мұхтар Шаханов – ақындық толымы талант пен күрескер азаматтық қасиеттердің қорытпасынан жаралған өрелі тұлға. Мұхтардың 20 ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқы дүниеге әкелген айрықша құбылыс екені содан.
© Сафуан Шәймерденов
Қалай десеңдер де олай деңдер, Мұхтар Шаханов – ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы ұлы ақын. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезеңінде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің алпауыттарына басын бәйгеге тіге отырып қарсы шыққан, сөйтіп ұлтымызды үлкен әділетсіздіктен қорғап қалған осы жігіт еді ғой. Арал қасіретіне күллі әлемнің назарын бұрған да – Шаханов. Ұлтымыздың ірілі-ұсақты проблемаларының маңында ылғида осы ақын келе жатқан жоқ па? Тіпті қазіргі өздерің тойлап жүрген «Наурыз» мерекесін де Колбинмен жағаласып жүріп осы бала тірілтпеп пе еді? Елдік мазмұндағы ерен істері үшін бұл дара азаматқа дұрыстап алғыс та айтпаппыз-ау. Алғыс түгілі оның әлем ЮНЕСКО мойындаған шығармалары төңірегінде өз ішіміздегі кейбіреулар жалдамалы жазғыштар арқылы дау дамай ұйымдастырылып, кедергі жасаумен келеді. Енді тіл мәселесі ауқымында «ертең ұлт боп қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген зарлы күдік алдымызды ораған сәтте тағы да Шаханов орнынан көтерілді. Бұл істе де біз оны қолдамасақ ұтылатынымыз айқын. Өйткені оның түйсігі – таза ақындық пайым парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас шыншыл түйсік.
© Қасым Қайсенов