top of page

         Қазақ әдебиетінің классик жазушысы, көркем сөздің хас шебері атанған Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада Қарағанды облысындағы осы күнгі Теміртау қаласына жақын Жауыртау – Нұра өзені бойындағы Сартөбе деген ауылында кедей отбасында туған. Болашақ жазушының әкесі мал бағумен айналысқан, сондықтан да оның балалық шағы қарасаң, көз жетпейтін кең далада, Сарыжайлауда өтті. Ол бұл кездерде әкесіне көмектесіп, мал бағумен қатар, ауыл модасынан арапша сауатын да ашты. Ал орыс тіліне оны сол кезде Спасск мыс балқыту заутында табельші болып жұмыс істейтін Жүсіп Мауқымов деген азамат үйретті, үлкен қамқорлық жасады. Соған орай Ғабиден осы зауыт жанындағы орысша-қазақ екі жылдық мектепті бітіріп шықты. Бұдан әрі оқуға мүмкіндігі болмай, туған ауылына қайтып оралады. Ауылда әр түрлі қызметте болып, 1925 жылы білімін көтеру мақсатымен Қызылордаға келеді, мұнда оқуға түсе алмай өлкелік сотқа іс қағаздарын тіркеуші қызметіне орналасады. Жазушылық өнерге құмарлығы осы кезден басталады. Ғ.Мұстафин - әдебиет майданына жиырмасыншы ғасырдың басында келген жазушы. Ол алғаш хабар, шағын очерк, фельетон, қысқа әңгімелер жазып, өзінің шама – шарқын, қабілетін біраз байқап көрген-ді. Облыстық сотта іс қағаздарын тіркеп, қызмет бабымен жүрген кездерінде ел арасында болған әр түрлі заңсыздықтармен танысады. Алғашқы әңгімесі "Сәрсен мен Боқаш" (1927 ж.) "Жыл құсы" журналында жарияланған. Тұңғыш әңгімелер жинағы "Ер шойын" (1929 ж.) деген атпен басылып шықты. Ауыл кедейлерінің таптық сана сезімінің ознуы, байларға қарсы күресі әңгімелердің негізгі арқауы болды.

bottom of page