top of page

    1925 – 1964 жылы Қарағанды шахтасында темір жонушы, “Қарағанды пролетариаты” (қазіргі “Орталық Қазақстан”) газетінің жауапты хатшысы, Новосібірде шыққан “Қызыл ту” газетінің, “Әдебиет майданы” (қазіргі “Жұлдыз”) журналының қызметкері, редакторы, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы (1953 – 1956, 1962 –1964) қызметтерін атқарды. Алғашқы әңгімесі “Сәрсен мен Боқаш” (1927) “Жыл құсы” альманағында жарияланса, тұңғыш жинағы “Ер Шойын” (1929) деген атпен шықты.

     1940 жылы Қарағанды шахтерлерінің өмірінен жазылған “Өмір не өлім” атты тұңғыш романы жарияланды. Бұл кітап үлкен шығармашылық жолдың бастауын белгілеген еңбек еді. Қаламгер алғашқы романынан-ақ қазақ топырағындағы өндіріс тақырыбын қозғады, шығармада бұрын жабылып қалған өндірістің Кеңестік кезеңде қайта ашылуы суреттелді. Автор осы жолдағы күресті кейіпкерлер әрекеті арқылы біраз шиеленістіріп, жұмысшы табының бейнесін жасады. Бірақ тартыстың жасандылығы роман кейіпкерлері бейнелерінің әлсіз шығуына, композициясының босаңдығына әсер етпей қоймады. Кейін бұл тақырыпқа қайта оралып, Мұстафин Ғабиден дәуір шындығы мен өндіріс адамдарын суреттеуде едәуір табыстарға жетті. Соғыс жылдарында “Құлаған құз”, “Алынған кек”, “Басқа пәле тілден”, “Айғақ” (1942), “Тұтқын”, “Күлмеген адам”, “Керуен” секілді шағын туындылары өмірге келді (“Жиырма бес”, 1953).

         Соғыстан кейін ол кең көлемді прозада қалам тартып, тары дақылынан мол өнім алуда дүниежүзіне танымал болған Шығанақ Берсиев өмірінен “Шығанақ” повесін жазды (1945). Соғыс жылдарында еңсесі түскен елге ерен еңбегі арқылы көмек көрсетіп, демеу болған ақтөбелік диқан Шығанақтан да басқа мұнда еңбек адамдарының кесек тұлғалары көрініс тапқан. Шығармада қажырлы еңбектің нәтижелі жемісі сөз етіледі. Ауыр арпалыс нәтижесінде жеткен жаңа өмірдің күрделі де қиын жолын үлкен суреткерлікпен жазады. Бұл өз кезеңінде ұрпақты еңбек сүйгіштікке, табандылыққа, адалдыққа жетелейтін, тәрбиелік мәні жоғары шығарма болды. “Миллионер” повесі (1948) соғыстан кейінгі халық өміріндегі өзгерістерді бейнелеуге арналған. Повесть бірнеше шет тілдерге аударылған (ағылшын, неміс, француз, испан, поляк, чех, болгар, венгр, қытай, т.б.), шығарма желісі бойынша осы аттас пьеса да жазылған. Ол “Қарағанды” (1952), “Дауылдан кейін” ('1960), “Көз көрген” (1963) романдарын жазды. Бұл шығармалар идеялық-көркемдік қуатының молдығымен қазақ әдебиетіне зор үлес болып қосылып, жазушыны әдебиеттің аса көрнекті өкілдерінің қатарына көтерді.

bottom of page