top of page

"Ғ. Мүсірепов творчествосы қазақ өнерінің сұлу бір арнасы. Ғабит әні – таза үнді, әсем әуезді шырқау ән. Ғабит арнасы – мөлдір, тұнық арна. Ғабит шығармалары ұзақ баптап, әбден жаратып, жал-құйрығын сүзіп барып, бәйгеге қосқан жүйріктерді еске түсіреді, оның шығармалары әдебиетімізге мәдениет, көркемдік, тереңдік әкелді; ұлттық және интернационалдық сипаттарды тұтастырды"

                                                                                      Рымғали Нұрғалиев

 

Қарап отырсақ, Ғабит Мүсірепов шығармашылық лабораториясын айқындайтын біршама дүниелер бар. Жазушының жан-жақты қырын ашатын ғылыми еңбектер жазылғанын да білеміз. Дегенмен, мұның бәрі алып сөз зергерінің келбетін мейлінше толық ашуға әлі де болса аздық ете ме деп ойлаймыз. Әлем әдебиетінде әйгілі суреткерлердің көркем-ғұмырбаяндық портретін кестелеу үрдісі бар. Күндердің күнінде Ғабең ұстаханасы туралы да сондай кәсіби деңгейі биік, жүйелі, тартымды кітап жазылатыны анық.

Ол жас ұрпаққа ғана емес, болашақ қаламгерлер үшін де, жалпы оқырман қауымға да аса қажет деп санаймыз.

                                                                                                                      Құлтөлеу Мұқаш

«Менің айтайын дегенім кешегі Қанафия -Сегізсері, кешегі Біржан, кешегі Ақан - солар бастаған сал-серілердің көшінің ең соңғы түйесін жетектеп кеткен сері мен сал сол -Ғабең. Ғабеңді бойына қарап емес, ойына қарап өлшеу керек еді. Ғабеңді түріне қарап емес, ақылына қарап білу керек еді. Ғабең көп сөйлемейтін еді, көп айтпайтын еді, айналып кетейін деп үзілмейтін еді. Не болмаса әй кәпір деп тарылмайтын еді. Орташа, қоңыр жүріп пайғамбар көрінетін еді. Бірауыз айтқан ақылымен, бірауыз көрсеткен өнерімен Ғабит бәрімізден асып туған пенде. Ол солай боп туған тұлға, солай болып жаратылып, солай боп кетті. Рухы халқымен бірге қалды. Ұлы жазушы ретінде, ұлы ғалым ретінде. Ал енді шынтуайтқа келгенде қазақтың өмірбақи таусылмайтын, сарқылмайтын ұлы көшінің басында кетіп бара жатқан ұлы тұлғалардың бірі Ғабит дегім келеді...»

                                                                                           Еркеғали Рахмадиев

bottom of page