Мүбәрак Кәрімұлы Жаманбалинов 1924 жылы Павлодар облысы Железинка ауданы Тәттiмбет ауылында туған. Руы – Қанжығалының Қарасы. Қарадан – Елтай, Елтайдан – Топан, Топаннан тоғыз ұл туған екен. Кәрімнің әкесі Жаманбала Тоғызақ деген ең кенжесінен қалған ұрпақ біраз жылдар Тоғызақ деп аталған қоныста біраз бірге тұрыпты.
Кәрім арабша сауатты болған, ауыл молдасы болғандықтан, көптеген қуғын – сүргін көреді. Болашақ ақынның жеті жасқа дейінгі өмірі Тәттімбет деген ауылда өтеді. 1931 жылы ашаршылық безбенінен ығысып, Кәрімнің отбасы Новосибирь облысына қоныс аударады. Отбасындағы баланың үлкені Мүбәрак, қарындастары төрт жасар Биғайша және екі жасар Меруертпен орыс балаларынан артылғанды жеп, әке – шешесінің жұмыс іздеп сандалғаннан көзбен көреді. Жаманбаланың үлкен ұлы Әбілқайыр қазаққа аты шыққан балуан, кіші ұлы Қайыргелді өнері асқан темір және ағаш ұстасы болған екен. Кәрім, Мүбәрактың өз әкесі қағазға, құран – кәрімге, оқуға жақын болыпты.
1934 жылы Қазақстанға көшіп келіп, 1937 жылы қайтадан Сібірге қоныс тебеді. Осы себептерге байланысты жас кезінде Мүбәрак Кәрімұлы қазақ мектебінде екі –ақ жыл оқиды. Әкесі Кәрімнің көшіп – қонып жүрген ауылында ақын аталғандығы, фольклорға құмар, өлең жазуға икімді болғандығы жас Мүбаракқа қатты әсер етеді. Жастайынан баласына көптеген тақпақтар жаттатып төсілдірген әкесі өлең жазудың да құпиясын үйретеді. Көбінесе өлеңді арнайы тақырып беріп жаздырып, өзі оңаша тыңдауды ұнатқан. Отбасы содан кейін көшіп барған жері – Новосибирь облысының Венгерово ауданында бала Мүбәрак орысша сегізінші сыныпты бітіріп, 1939-1941 жылдары Ординск қаласындағы ауыл шаруашылық мектебінде оқыды.
1948 жылы агрономдық кәсіби мамандықты шет жердегі Венгерево, Татарск аудандарында атқарады. 1950 жылы Омбыдағы орыс – қазақ педучилищесiн сырттай бiтiрген. Оның ана тілінде оқыған оқу орындары Омбы орыс – қазақ мектебі мен Омбы орыс – қазақ педучилищесі еді. Чаны ауданының Зыбылғы ауылындағы бастауыш мектебінде үш жыл мұғалім болды. Төрт кластағы отыз оқушыға жалғыз өзі білім беретін Мүбәрак Жаманбалинов оқуға керек құралдарды Қазақстаннан әкеліп жүреді. Осылайша Ресей жеріндегі қазақ – татар ауылдарының ұлттық мектептері аты бар да, заты жоқ, оқулық, оқу құралдарынсыз жекелеген адамдардың азаматтық борышына ғана кіріптар күй кешеді. Оқушыларға өз білетінін өлең – тақпақтардың бәрін жаттатып, жас мұғалім оларды қанағаттандыра алмайды. Оның қажетті тақырыптарға өлең – тақпақтар, жұмбақ – жаңылтпаштар құрастыруына тура келеді. Бастауыш сынып мұғалімі ақындық ауылына біржола сапар шегеді.
Ақын алғашқы өлеңдерімен – ақ Қазақстандағы балалар әдебиетінің өкілдеріне, сыншыларына жақсы көзқарас қалдырған.
Мүбәрак Жаманбалиновтың балаларға арналған өлеңдері 1953 жылдан бастап «Қазақстан пионері» газетінде, 1954 жылдан «Пионер» журналында жариялана бастайды. Сол жалдары «Жұлдыз» журналында үлкен әдеби ортада тұсауы кесіліп, ақын деп танылған М. Жаманбалиновтың 1956 жылы «Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиеті» баспасынан "Айнабұлақ" атты тұңғыш жыр жинағы жарық көреді.
1958 – 1990 жылдар аралығында Павлодар облысының «Қызыл ту» газетінің меншікті тілшісі, 1990 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамының өзі тұратын Ертіс ауданындағы ұйымының төрағасы болып сайланды.
1991 жылдың 1 қаңтарынан ақын тұратын Ертіс ауданының бұрынғы орыс тіліндегі «Иртыш» газетімен бірге, 2240 данамен екінші газет – қазақ тіліндегі «Ертіс нұры» жарық көреді. Оның алғашқы редакторы болып, сол аудан бойынша «Қазақ тілі» қоғамын басқарып отырған Мүбәрак Жаманбалинов тағайындалады. Газеттің редакциясын ұйымдастыру мәселесін «Қазақ тілі» қоғамы көтерген еді.
1958 жылдан КСРО журналистер Одағының мүшесі, 1970 жылдан КСРО жазушылар Одағының мүшесі болып бекітілген Мүбәрак Жаманбалинов балаларға арналған он алты жыр жинақтарының авторы. Атап айтқанда: «Айнабұлақ» (1956), «Сәлем» (1962), «Ертіс лебі» (1963), «Кішкене достарға» (1965), «Менің інім» (1970), «Батыр ұстаз» (1972), «Балғын күндей балақан» (1974), «Толқын» (1979), «Ашық күн» (1984), «Солнечный день» (1987), «Жауқазын» (2001) т.б. кіші – гірім суретті кітаптары әр жастағы балалардың көңіліне жеткен асыл дүниелер.
Қазақ балаларының түгелдей қазақша оқытылуын армандаған ақын өзі болып, отыз жыл бойы оқу ісі тоқырап қалған мектепте 48 бала қабылдатуға мұрындық болады. Ертіс кеңшары бойынша ашылған 14 қазақ класының саны келесі жылы 24 –ке жеткізіледі. Ұлттық салт – дәстүрді жаңғырту, қала, жер – су атауларын қайтару, ауданның, облыстың әйгілі адамдарының есімдерін мәңгілік ету, тарихи оқиғалар ортасында жүрген Ертіс өнірі би – шешендерін, балуан – батырларының есімдерін ел есінде сақтату, бастарына белгі қойып, тарихи оқиғалардан жас ұрпаққа естелік ескерткіштер тұрғызу ісіне зор үлес қосты.
1994 жылы қазақ жұртшылығына бейтаныс болып келген жайларды баяндайтын тарихи деректері бар «Сөз сүйектен өтеді», 1995 жылы «Ертіс ауданының тарихы», 1998 жылы «Әйгілі аудан - Ертісім» атты өлкетанымдық тарихи кітаптың І томын жазды. 1998 жылы «Түгел батыр және оның ұрпақтары» атты кітапты өзінің қаламдас досы журналист Бәделхан Айтжанмен бірлесе, сол өнірден шыққан батырлардың, билердің шешендік сөздерін, толғаулары мен тарихи дастан, шежіре – деректерін баяндайды. 2002 жылы «Әйгілі аудан - Ертісім» кітабының ІІ томын екі тілде жинақтап, өз ауданының тарихы, тұрғындарының ата – тегі жөнінде шежіресі бар, жан – жақты мағлұматты деректер жеткізеді. 1999 жылы «Ақшам» деп аталатын жыр жинағы басылды.
Жылдар өткен сайын мәдениет, әдебиет қайраткерлері халқымыздың жоғын жоқтап, барының бағасын асыруды қолға алды. Жұртына жақын ақын бұл бағытты да ұстанды. 2004 жылы өзінің кіндік қаны тамған Железинка деп аталатын ауданның тарихы жайында «Жайнаған өңір, жайнаған өмір» және сол жер тұрғындарының отызыншы жылдары бастан кешірген ашаршылық нәубеті жайлы «Аштық азабы» атты деректі поэмалар жазады.
Ақынның тұңғыш ұлы Ғылымиден «Ертіс нұры» газетінің редакторы, ағасымен тел өскен баласы Талап фототілші. Үш ұлдан тоғыз немере көрген.
Ақынның қоғам алдындағы азаматтық борышы үкімет басшылары тарапынан сан мәрте марапатталды. 1987 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 2001 жылы И. Байзақов атындағы облыстық әдебиет бірлестігінің құрметті төрағасы, 2001 жылдан бастап Ертіс ауданының құрметті азаматы; 2002 жылы Павлодар облысы әкім грантының иегері.