Қазір қазақ балалар әдебиетінде тұрақтап қалу, өзге жанрға мойын бұрмай, бойындағы бар талант жұпарын бүлдіршіндерге сарқып беру – ерлікке бара-бар іс. Мүбәрак Жаманбалинов – қазақ балалар әдебиетін көркейтуге жан-тәнімен қызмет етіп жүрген, осындай, ірі таланттарымыздың бірі. Ол өзінің балалар психологиясын жете зерттей жазған өлеңдерімен бөбектерді ұдайы қуанышқа бөліп келеді.
Қадыр Мырзалиев
«Айнабұлақ» деп аталатын алғашқы жинағынан бастап, Мүбәрак Жаманбалинов туа жаралған балалар ақыны екенін көрсетті. Халық жырларындай қысқа да қарапайым, нақты да жеңіл, көңілді, көркем дүниелер жасады. Балажанды, сәби жүректі сабырлы ақын аз жазса да, балдырғандардың көп оқитын, сүйікті сырласы болды.
Сағи Жиенбаев
Мүбәрак Жаманбалинов - өлеңнің шағын түрін дамытуда да қыруар еңбек еткен ақын. Жиырмаға тарта жыр жинақтарының бәрінде де баланың тілін сындыратын, ойын ұштайтын, көңіл көкжейегін кеңейтетін ұшқыр да ұтымды дүниелері көп. Жалпы, Мүбәрак Жаманбалинов жырларының өн бойынанда жақсылық атаулыға деген жан сүйсінісі аңғарылады. Ол ақынның өз жаратылысынан, азаматтық ар – иманынан, үлкен жүрегінен шығып жатса керек.
Сағи Жиенбаев
Өлең бәйгесіне елуінші жылдары Мүкендей талантты ақынмен қатар келгенімді мақтаныш көремін. Мүбәрак Жаманбалинов сол жылдардан бері бірыңғай балаларға жазып келеді. Жасыратыны жоқ, бүлдіршіндерге өңкей жақсы жыр сыйлап келе жатқан үздік ақынымыз. Мен әріптес ағамның жырдағы табысына әрдайым қызыға қараймын. Қуаныш көріп, табысын насихаттап, арнайы мақала да жазғанмын. 1950-1980 жылдар аралығындағы қазақ балалар поэзиясы әңгіме болған сәтте Мүбәрак Жаманбалинов есімі айрықша құрметпен аталуға тиісті. Ол – қазақ совет балалар әдебиетінің көрнекті өкілі.
Тұманбай Молдағалиев
Мүбәрак Жаманбалинов – баланы байлық тұтқан, оның қуанышын бақыт көрген балажан ақын.
Құлбек Ергөбеков
Мүбәрак Жаманбалинов балалар әдебиетінің зәулім бір бәйтерегі.
Құлбек Ергөбеков