top of page

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы Семей облысының Шұбартау ауданында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Қазақтың біртуар дарынды жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы. 1957 жылы осы ауданның Баршатас селосындағы қазақ орта мектебін бітіріп, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Университеттің филология факультетін 1962 жылы, ал қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасын 1965 жылы бітірген. М.Мағауиннің еңбек жолы 1965 жылдан басталады. Әуелде «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары болып істеген. Бұдан соң Қазақ ССР Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында доцент және аға ғылыми қызметкер болып істеді, сонымен қатар Москвадағы М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізеді. 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының Бас редакторы болды.

bottom of page