top of page

      Тұрсынбек Кәкішұлы – халқымыздың кесек тұлғалы, аяулы перзенттерінің бірі. Ол – тарих ақтаңдақтарын сөйлеткен, тоталитарлық дәуірде көмескі тартып, көзден де, көңілден де кете бастаған ұлттық мәдениетіміздің алтын беттерін айқара ашқан зергер зерттеуші, ел тағдырын ойлаған шын мәніндегі халық перзенті, асыл сәкенімізді күллі әлемге таныстырған тұлға.

  Иманғали Тасмағамбетов

   Тұрсынбек Кәкішұлы қазақ әдеби сынының бастау- көздерін тапты, туу, қалыптасу заңдылықтарын ашты, даму жолдарын анықтады. Сынтану ғылымының негізін қалады. Әдеби сын тарихы бойынша қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет арнаулы және жалпы теориялық лекциялық оқулықтарын жазып, жарыққа шығарды, қилы замандарда халық үшін жанын қиған ақындар мен жазушылардың әдеби мұрасын жинап, баспадан бастырып, ел игілігіне ұсынды. Сәкеннің көркем бейнесін жасау мақсатында көз майын тауысып Алматы мен Мәскеу, Бішкек пен Ташкент, Орынбор мен Қазан архивтерін ақтарды. Сәкеннің табаны тиген, тіпті «азап вагонында» жүріп өткен жерлерді түгел шарлап шықты. Ресей, Қытай, Түркия, Монғолия, Иран, Польша, Франция елдерін аралап, олардағы қазақтардың тұрмыс – салты мен әдет- ғұрпын, сөз өнері мен қол өнері үлгілерін зерттеп, зерделеді. Нәтижесінде бірнеше зерттеу, эссе кітаптарын шығарды, теле және радио хабарлар тобын дайындады. Қазақ әдебиеттануында жаңа ғылыми бағыттың негізін қалап, оны бір тұтасқан салаға айналдырды, ғылыми мектебін қалыптастырды. Отандық ғылымға еңбек сіңірді. Қоғамдық ойдың жаңғыруына, жаңарып дамуына үлкен үлес қосты.

Жанғара Дәдебаев

         Тұрсекең  Алладан пешенесіне бұйырған мол дарыны мен қайтпас қайсар мінезін, ақыл – парасаты мен білік- білімін Ұлт намысын қорғап, ұрпақ тәрбиелеуге арнаған, әрі осы жолда айтарын айтып, жазарын жазып өткен, Абай сөзімен айтқанда, адамның адамшылдық болмысын танытар үш нәрсені: «ыстық қайратты, нұрлы ақылды, жылы жүректі» ақ қағазбен қаламның тезіне армансыз арқау еткен, елімнің сенімі мен құрметіне бөленген сиректеріміздің бірі, бірегейі болатын.

         Тұрсекең табанды ғалым, тағылымды ұстаздықпен қоса, ұлт тұтастығы мен ұрпақ ойының қанаттанып бекуіне айрықша үлес қосқан жаны таза, жаратылысы бөлек қарымы кең қаламгер, текті тұлға. Ол жалған сөйлеп, жағымпаздануды білмейтін. Әсіресе, ұлт тағдыры мен ұлт руханияты сөз болған тұста  тартынбай сөзге араласып, ойы мен пікірін ашық білдіретін.

         Зиялы қауым – қоғам ойына ықпал етер, пікір қалыптастырар қуаты күш десек, Тұрсекең осы ортадағы өз ойы мен өз сөзін Әділ, Адал айта білген ұлт зиялыларының ішіндегі шоқтығы биік өкілі болды. Ол өмірде де, әдебиетте де, ғылымда да Еңбек дейтін киелі ұғым мен талант дейтін қасиетті дүниені айрықша бағалайтын. Ол ондаған ғасырлық бай тарихы бар қазақ көркем сөзінің сыни пікірінің дамуына ерекше ықпал еткен, осы жолда сандаған шәкірт тәрбиелеген үлкен жүректі ғұлама ұстаз еді.

Ол адамдар мен адамдар арасын дәнекерлеп, ел мен елдер арасында рухани байланыс орнатудың өзіндік алтын көпірін орнықтырған алаш – тұлғалы қайраткер – ұстаз, қайраткер – ғалым, қайраткер  - қаламгер!

Нұрлан Оразалин

         Соңғы жылдары қазақ диаспорасы жөнінде зиялы қауым арасында профессор Тұрсынбек Кәкішұлының азаматтық, қайраткерлік үні сондай жарқын, пәрменді, әрі қуатты естіліп жүр. Естіліп қана жатқан жоқ, оған өзі тікелей араласып, бұл істің түбегейлі, тиянақты, ыждахатты, жүйелі түрде ұлттық мүдденің мақсат – мұраты болуына атсалысып, оны мемлекеттік  шара деп түсініп, соның баянды етуге бар күш – жігерін салып, ықпал жасап жүр.

         Өмірде мойымайтын, шегінбейтін, жеңілмейтін Тұрсекең мемлекеттік іс – қазақ диаспорасының мәселесімен шұғылданып, оны әдебиеттегі қыруар ісімен қат – қабат жүргізіп келеді.

Ілия Жақанов

         Тұрсынбек  Кәкішұлы шын мәнінде Алаштың арысы, қазақтың намысы еді! Қазақ деген ұлт барда Тұрсынбек  Кәкішевұлын  ел – жұрты ұмытпайды!

 Тоқтар Әубәкіров

         Тұрсынбек Кәкішұлы – қазақтың тұмары, түріктің шынары.

Асылы Осман

    Зерттеуден үнемі қалыспайтын, зерттеген уақытта үлкен бір бөлімді меңгеріп жүрген Кәкішұлының сөздерін бағалы деп санаймын.

Мұхтар Әуезов

      Тұрсынбек Сәкенге қатысты тың деректерге тоқталып қана қоймай, қазақ халқының тіршілігінде болған үлкен оқиғаларды Сәкен өміріне байланыстыра жазып, біраз шындықтың сырын ашуға талпынған. Мұндай еңбектер бізде көбірек жазылу керек.

Сәбит Мұқанов

         Тұрсынбек Кәкішұлы – қазақ әдебиеті тарихының деректері мен фактілерін, әсіресе революция дәуіріндегі әдеби қозғалыстың құпия сырларын ашуға қажет документтерді оқып біліп, көп тексеріп келе жатқан білімді де, ойлы да әдебиетші.

Есмағамбет Ысмайылов

bottom of page