top of page

       Әлихан мен Елена 1901 жылы отбасын құрып, 20 жылға жуық уақыт бірге тұрған. Алаштанушы ғалымдар олардың арасында үлкен махаббат болғанын айтады. Белгілі әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, қыр баласы – Әлиханның ұзақ уақыт үйленбей жүруінің бірнеше себебі бар. Оның ең біріншісі Әлихан мен Еленаның арасында үлкен махаббат болса керек.

– Әлихан Бөкейхан 1916 жылдың ақпанында қазақты атты әскерге алу және халқына сайлау құқын қайтарып алу жұмысымен Самарадан Санкт-Петерборғакетеді. Сол кеткеннен 1918 жылдың көктемінде, араға екі жылдан астам уақыт салып, бала-шағасымен Алаш қаласында бір-ақ қайта табысады. Егер Әлихан әйеліне сенім білдірмесе, бірнеше жыл сыртта емін-еркін жүре аларма еді? Елена Әлихан үшін от пен суды кешіп, көптеген қиыншылық көреді, – дейді әлихантанушы.

Соңғы кездері Әлихан мен Еленаның үйленуіне оның қайын атасы қарсы болған деген әңгіме айтылып жүр. Әлихантанушы ғалымның айтуынша, бұл жаңсақ пікір. Яковлев қызына «Әрине, Әлихандай күйеу саған табыла қоймас. Алайда Әлихан мұсылман, ал сен христиан дінін ұстанасың. Бұған Әлиханның туған-туыстары қалай қарайды, сенің ортаң оны қалай қабылдайды? Осыны ойлан да, өзің шешім қабылда. Мен батамды беремін» деп батасын беріпті.

      Мұсылман мен христиан дін өкілдерінің шаңырақ көтеріп, өмір сүруінің қиын сәттері болмай қойған жоқ. Бұларада Еленаның әкесі Яков Севастьяновтың «Әлиханның туған-туыстары саған қалай қарайды?» деп алаңдауы расталған тәрізді. Себебі, Әлихан Бөкейханның орыс қызына үйленгеніне оның анасы қарсы болған көрінеді. Әлекең шешесінен бата алуға барған кезде «Мойнына крест таққан келінімнің қалай маңдайынан сүйемін? Табалдырығымнан аттамасын!» деп қабылдамай қойыпты.

Кейінірек Әлекең ауылына барған кезде Еленаны Шәкәрімнің ауылына тастап, өзі бала-шағасын алып, үйіне барады екен.

Бұл оқиға болашақ ұлт көсемінің жүрегіне қаяу түсіруі әбден мүмкін. Десек те, бұдан да қиын жағдай Елена мен Елизаветаның арасында орын алған болатын. Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, Елизавета анасының мұсылман дінін қабылдамағанына қатты ренжіген көрінеді.

– Сырым Бөкейхановтың әйелі Александра Борисовнаның айтуынша, Елизавета анасының есімін ешқашан аузына алмайтын көрінеді. Бірде маған Александра Борисовна «Елизавета шешесінің мұсылман дінін қабылдамағанына қатты наразы болған. Сондықтан да ол Еленаның барлық суретін жойып жіберген» дегенді айтып еді. Шынында таңғалатын жәйт: Еленаның бір ғана суреті сақталып қалды ғой. Ал оның неліктен бұлай жасағаны мен үшін жұмбақ. Ал өзі «Анам әкемді шын сүйсе, мұсылман дінін неге қабылдамады?» деп ренжіген деген ой да туады, – дейді Сұлтан Хан Аққұлы.

Елизавета анасының мұсылман дінін қабылдамағанына қатты наразы болуы әбден мүмкін. Дегенмен Әлихан Бөкейхан «мұсылман дінін қабылда» деп Еленаны күштемегені анық. 1921 жылы Семейде қайтыс болғанда Әлихан оны христиан дінінің барлық рәсімі бойынша жерлеген. Бұл оның Еленаға деген ерекше махаббаты болса керек.

Өз заманында Әлихан Бөкейханның айналасындағы жақын адамдары оған екінші рет үйлену туралы ұсыныс айтпай қоюы мүмкін емес. Алайда ол төсек жаңартуға құлшыныс танытпаған көрінеді. Мұның негізгі себебі, Еленаға деген махабаттан бөлек, қиын-қыстау кезеңдегі мәжбүрлік болуы әбден мүмкін. Себебі Кеңес өкіметінің қатаң бақылауында болғандықтан, оның екінші рет үйленіп, мамыражай өмір сүруіне мүмкіндігі болмады. Болған күннің өзінде ол «екінші рет үйленсем, оның басына қатер төндіріп алмаймын ба» деп сақтануы да әбден мүмкін. Оның үстіне, бәлшебектер өздері жау деп санаған азаматының сыртынан оның өз әйеліне тыңшылық жасатып күзеттіріп қойған болатын. Талай құйтырқылықты көрген әккі саясаткер екінші рет үйленуді «басы артық мәселе» деп санаса керек.

 Ұзын сөздің қысқасы, Ақтоғай ауданынан шығып, Алты алаштың ардақтысына айналған ұлт көсемінің екінші рет үйленбеуі біз үшін жұмбақ.

bottom of page