
«Жаһанға мәшһүр жауһар жыры даңғыл,
Ұлыстың мақтанышы – ұлы Жамбыл»
Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл.
Жамбыл – халық ақыны. О баста суырып салма айтыстан басталған отты өлеңдерінде халықтық үн, халықтық зары басым. Жеке өз басының мұңын жырға қосса да жетіп артылатын еді.Әр жыры халық тағдырынан сыр шертеді. Екі ғасырдың көшінде бір ғасыр ғұмыр кешіп, сан түрлі оқиғаға куәгер болған Жамбыл ақынның қуатты жырлары күні бүгінге дейін өз сарынын жоймаған. Жоймайды да. Өйткені, шындық жырланған, ақиқат ат үстінде айтылған өлеңдер өміршең келеді.
Халықтық жырдың негізінде немесе жыраулар поэзиясының үлгісінде бүгінгі мен өткенді сабақтастыра жырлайтын ақындар сол кезеңде жоқтың қасы болатын. Жамбыл сол үрдісті қалыптастыра білді. Қазақтың қоңыр үніне салып жыраулық дәстүрді ұстанса, енді-енді өзгеше иірім танытып жүрген поэзияны да қалыс қалдырмады. Сонысымен де қымбат.