top of page

     Олжас дүниежүзіне белгілі орыс тілді қазақ ақыны болып қалыптасты. Таланты талас тудырмайды. Оған көп септігін тигізген фактор Сүлейменов шығармаларының орыс тілінде жазылғанында жатыр. Алайда, Олжас өзінің ұлы шығармаларын Пушкин мен Толстой тілінде жазғанымен, өз халқы мен туған елін жырлауда алдына жан салмады. Халқымыздың ұлттық сана-сезімін дамытудағы оның рөлі мен маңызы лайықты өз бағасын алуы тиіс. Алып та келеді. Олжастың шыққан биігіне көтерілу оның кемшіліктерін тізбелейтін «ура-патриоттардың» түсіне де кірмейді.  Биік таулар алыстаған сайын зораяды...                                                

 Мүсілім Дайырбеков

 

     Арқалы ақынның өнерна­малық кеңістігінде Ұлы даланың дүбірлі байтақ тарихы, құман-қыпшақтың бекзат ар-намыс қағидаты, ғұндар мен түркілердің жыраулық жорық сарыны, Білге Тоныкөк пен Гилгамештің, Қорқыт пен Хорхттың, Тұран мен Шумердің, Мысыр мен Бабылдың, славян мен пече­негтердің көне мәдениетінің ұш­қыны, өткеннің інжу-маржан дәстүрін бойына жинақтаған қаһарман қазақ халқының ерлік шежіресі таңғажайып өрнек­тер­мен өріліп, оқырманның түй­сігіне сүйіспеншілік пен пара­сат­тың ұясын салып жатты.

                           Дархан Қыдырәлі


 

      Қыш кітап - Отанға сүйіспеншілік, туған халыққа адалдық, азаматтық борыш туралы шығарма… Поэмада көне скиф дәуірінің шынайы көріністері бар. Ең бастысы- көне заман рухы, көне адамдар мінезі нақты бедерленген. Бірақ автор әйтеуір ескі тарихты қопару мақсатында емес, ежелгі скиф ( сақ) тайпалары тарихының кейінгі түркі, одан соңғы қазақ тарихымен жалғастығына бейіл беруде қосалқы жүк атқарады. Ең бастысы- ақын өткен күннің сауалын бүгінгі күн талабымен үндестірген. Бұл- бүгінгі заман перзенті Олжастың көне дәуірге қатысты кез- келген туындысына тән сипат.

                                                                                          Мұхтар Мағауин

 

       Олжас Сүлейменов поэзиясы таусылмас күш-қуатпен сарқырай ағар серпінді ырғаққа негізделген. Ол әрбір өзіндік ерекшелігі бар ақындар және дара түлғалар тәрізді алдын ала даярланған идеологиялық тапсырыстар шеңберін бұзып шыға алды. Оның поэзиясы сөз қадірін білетіндер мен сөз зергерлеріне, сонымен қатар қарапайым оқырмандарға да орыс тілі арқылы қазақ халқының болмысын ашып көрсетуғе мүмкіндік туғызды. Ақын шығармашылығы өзіндік ерекшелігімен, афористілігімен және қаламгерлік шеберлігінің кемелділігімен таңдандырады. Дәл поэзия жанрында халық рухының тарихы және мәдени дамуы, психологиялық қатарының өзіндік ерекшеліктері бар тұтастығымен және құнарлылығымен көрінетіндігін ақын жақсы түсінді.

Әбіш Кекілбаев

bottom of page