top of page

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Талдықорған облысы, Ақсу ауданы) туған. Ескіше хат танитын, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинайтын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме, шежірелерді жақсы білетін, көкірегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнерді ұстаған әңгімеші, домбырашы, ұста, көшпелі Жансүгір анасынан ерте қалған Ілиясты жетімсіретпей, еркелетіп, жақсы үлгі көрсетіп, тәрбиелеп өсіреді.
Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған. Табиғатынан дарынды жаратылған зерек бала Елданалығы дариясында еркін жүзіп, уызға жарып, асыл байлықты бойына сіңіре білген.
Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Қарағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады. Бұдан кейін тұрмыс жағдайы билеп шаруа күйттеп, тіршілік қарбаласына араласып кетеді.

Жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастайды. Күнде көріп жүрген айт пен тойдағы өлең-жыр, айтыс, жыршылар төгілтіп айтатын қисса қанша қызық болғанмен, оның жас қиялына ерекше әсер етіп, орасан зор ықпал жасаған Абайдың шығармалары еді. Әуелде дос-жаран, құрбы-құрдасты әзілдеген қалжың, сықақ өлеңді табанда ауызша айтып тастайтын өзі де ақындар айтысына түсіп кететін албырт Ілияс Абайдың данышпан поэзиясымен танысқаннан кейін ақындық өнерге басқаша қарайды. «Оған дейінгі көрген, оқыған әдебиетімнің бәрін Абай кітабы оққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады. Қанбай, қайта-қайта оқ беретін болдым. Өзімде бір түрлі сергектік, сілкініс, жүрегім де жаңалық сезгендей болды» - деп жазады кейін Ілияс «Қысқаша өмірбаяным» атты еңбегінде.

bottom of page