«Айтыс өнерінің дарабозы»
Аманжол Әлтаевтың жарының есімі Ақмарал. Елдің сүйікті ақыны 14 жыл бірге тұрған жұбайынан айырылып қалады. Ол туралы: "Ойламаған жерден қапияда жол апатынан он төрт жыл отасқан жан жарым мен жүрегімнің жартысы тәп-тәтті қызымнан айырылып, қос қанатым қатар қайырылды. Рас, өмірден түңіліп, тіршіліктен бас кешіп кететіндей күндерім болды. Қанша мықты болғанмен адам темір емес екен. Сонда сына жаздап, қайта тұруыма себепкер болған балаларым болды. «Егер мен басыма түскен мына қайғыны көтере алмай сынып кетсем, үшеуінің болашағы не болады?» деген ой ес жиғызды. Оларды аяғынан тұрғызып, ұядан ұшырып, қияға қондыру – әкелік міндетім. Осыларға қараймын да, өмір сүрем. Сол үшеуі маған үміт беріп, тәуекел сыйлайды. Осы күнге дейін «осылардың алдында мен әлсіз болып кетпеуім керек» деген қағидамен өмір сүріп келе жатырмын. Аналары өмірден өткелі менің мойнымдағы жүк екі есе емес, он есеге салмақтанып кетті. Үшеуінің үлкен жетістікке жеткенін көрсем, Ақмаралдың алдындағы парызымды өтегенім деп білем. Ол кезде менен бақытты жан жоқ болар еді".