top of page

         Біздің ойымызша, тұңғыш кітаптардың ішінде назар салуға тұрарлықтары – Талғат Теменовтың «Гүлназ», Төкен Әлжановтың «Армысың, ару күн!» деп аталатын жинақтары. Бұрын мерзімді баспасөз бетінен көріне қоймаған, оқушы қауымға бейтаныс есім – Төкен Әлжановтың әңгімелері жандылығымен, нәзік лирикалық иірімдерімен есте қалады. Т. Әлжанов ең бастысы әңгімені қай жерден бастап, қай жерден аяқтау керек екендігін ішкі бір творчестволық түйсігі арқылы жақсы аңғарып отырады. Сондықтан да оның «Қос уыс бидай», «Мылқау», «Біздің үйде той» деп аталатын новеллаларының композициясы шымыр, бас-аяғы жинақы. Төкеннің сөз саптасы да тәп-тәуір, тілдің дәмін татып қалған кісінің нарқын байқатады.».(Әдеби жыл қорытындысында жасалған баяндамадан.«Қазақ әдебиеті». 25 наурыз, 1988 жыл)

                                                                                                  Серік АСЫЛБЕКОВ. Жазушы

 

             «Жазушы атаулылардың таланттылары пәлсапаға бойламай, орта жолда қалмаса керек. Кемеңгерлікке ұмтылыс уақыт кеңістігінің келешегісіне де, бүгінгісіне де терең үңілудің айғағы емес пе?!

Осы тұрғыдан алғанда Төкеннің өз шығармаларындағы толғаныстары мені қатты ойлантты. Автордың айтқыштығына шынында да сүйсініп отырасың. Мысалы, «Құшақ көрмеген қыздай, қылық алмаған арудай кірпияз.» Осы психологиялық мінездемеден көз алдыңа қандай жанды сурет елестейді? Бір сөзбен айтқанда – Т. Әлжантегі өте шебер қаламгер». «Орталық Қазақстан». 24 қазан, 2006 жыл.)   

                                   Мұзафар Әлімбаев Халық  жазушысы Мемлекеттік сыйлық иегері.

 

           «Төкеннің кітабын мен ықыласпен жедел оқыдым. Ең бастысы мұнда қат-қабат өмір шындығы бар. Адамдардың әрқилы қарым-қатынасы бар. Шығармаларға адам тағдыры өзек боп өрілген. Т. Әлжантегінің шығармаларын оқып шыққанда маған ұнағаны оның өмір шындығынан айнымайтындығы.»

                                                                                           Құрал ТОҚМЫРЗАҰЛЫ, жазушы

 

     «Кейінгі жылдар ішінде жазылған романдардың арасынан Э. Төрехановтың «Ескендір мен Роксана», С. Елубаевтың «Мінәжат», А. Смайыловтың «Тамұқтан келген адам», Т. Әлжантегінің «Сегіз сері», Ж. Шаштайұлының «Жала мен нала», тағы басқа шығармалар жанр талабына жауап беруімен ғана емес, өзіндік айтар идеяларымен де ұлт оқырмандарына ой салар еді деп білемін.»

                                                                                                 Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы.

 

      «Төкен Әлжантегі «Қым-қиғаш тіршілік» романында әлеуметтік-тұрмыстық, адамгершілік сипаттағы мәселелерді көтерген. Роман үш бөлімнен тұрады: а) әке, ә) бала, б) қаза.

Бірінші бөлімде ауылда әл үстінде жатқан ауру әке жайы, соның арманы мен алданышы, өкініші мен жұбанышы туралы баяндалады. Қаладағы үлкен баласының тірлігіне, ісіне ауру әкенің көңілі толмайды. Оны өзінің жаназасына шақырылатын ет жақындарының тізіміне қосу жөнінде сөз бола қалғанда жарығы таусылуға таяған әке кіші баласына қатты тапсырма береді. «– Жоқ! – деді шал шаңқ етіп. Үні жер астынан шыққандай бәсең естілді, – Балам-ай, тірлігімде сүйегіме таңба басқан сол немең өлгенде не оңдырар. Оны тізімнен алып тасташы,» – деді. Екінші бөлімде қалада қызмет істейтін баланың тіршілігі көрсетіледі. Мықты қайын. Адуынды әйел. Ерке бала. Жайлы қызмет. Әкенің қазасы бір әке, бір анадан туған екі баланың екі түрлі ісі, екі түрлі қылығы ауылдағы ұлдың жөнге, жүйеге жүйріктігі, кісілігі, қаладағы ұлдың жаттығы, бөтендігі секілді жайлар үшінші бөлімнің оқиға желісін түзеді. Әл үстінде жатқан ауру әке, бірі қалаға біткен, бірі ауылда қалған екі ұлдың екі түрлі болмыс-бітімі, таным сипаты арасындағы бірлік пен қайшылық өмірде бар шындық құбылыстар қатарына жатады. Бұл да қазақ әдебиеті үшін тосын тың тақырып емес. Осы жүйе, осы мағыналы құрылым 80-жылдары Софы Сматаевтың «Бұлақ» романында көрініс тапқан болатын. Төкен Әлжантегі өз романында бұл тақырыпты өзінше игеріп, өзінше көркемдік шешім жасапты.»

                                                                                 Жанғара ДӘДЕБАЕВ, сыншы.

                      

          «Қуаныш Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны», Төкен Әлжантегінің «Ақ қараның арасы», Сейітқұл Оспановтың «Сопының ғұмыры» жинағына енген әңгіме, хикаялары негізінен өтпелі кезеңнің ауырпалығы мен онан шығудың жолын іздеп, шарқ ұрған жеке тұлғалар жан дүниесінің арпалысын көрсетуге арналған шығарма деуге келеді. Әлжантегінің «Бақыр басты еркек» хикаяты Майсарының отының басындағы шарасыз тірлік, кеңес заманындағы кеңшар, ұжымшар төрағасынан кейінгі жұмыссыз қалған ауыл адамының күнкөрісінің қиыншылығына арналады.

Мұндай кезде арамза алаяқтың наны жүретінін де жазушы назардан тыс қалдырмапты. Сондай-ақ, кеңес үкіметі кезінен қалған араққа деген әуестіктің залалы да кеңінен суреттеледі. Майсарының әйелі Айбітіммен келісіп, талшық үшін өгізшені етке өткізуі, онан саудагердің алдауына түсуі, арақ ішіп, мас болып барлық ақшадан айырылып қалуы, сол ақшаны іздеймін деп жүріп ақырында боранды күні адасып, опат болуы соның дәлелі. Жазушының тіл байлығы жеткілікті».                                   

                                                                                                      Адам МЕКЕБАЕВ, жазушы.

bottom of page