top of page

Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этно-мәдени пайымдау: оқу құралы. - Алматы : Санат, 1997. - 464 б.

      Ақселеу Сейдімбектің қаламынан туған "Күңгір - күңгір күмбездер", "Сонар", "Мың бір маржан", "Күй шежіре" атты кітаптары оқырман қауымның ықылас - ілтипатына бөленген еңбектер. Автор "Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау" атты жаңа кітабында өзіне етене тақырыпты одан әрі өрбіте отырып, қазақтың дәстүрлі мәдениетіне, фольклоры мен этнографиясына қатысты соны пайымдаулар жасаған. Кітап студенттерге, қазақ тарихы мен мәдениетіне ықылас қойып жүрген мамандарға, оқырман көпшілікке арналған.

     Сейдімбек А. Ойтолғақ : жарияланбайтын жазбалар. - Алматы : Жалын, 1997. - 272 б.

     Бұл кітап - КСРО /СССР/ деп аталған тоталитарлы социалистік империяның соңғы жиырма жылына куә болған ұрпақтық күнделігі. Кітапта соңғы ширек ғасырдай уақыт аясындағы қоғамымыздың саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өмірі сөз болып, байсалды ой - тұжырымдар жасалып отырады. Ұлттың азаттығы, халықтың рухани кемелдігі, мәдениеттің төлтумалығы, тарихқа адалдық, міне, қаламгерді осы тақырыптар толғандырады.

      Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы шежірелік деректерді пайымдау : зерттеу. - Астана : Фолиант, 2008. - 726 б.

     Қазақ халқының этногенезі мен этномәдени байланыстарына қатысты елеулі дерек көздерінің бірі - шежіре мағлұматтары. А. Сейдімбек бұл еңбегінде "Қазақтың ауызша тарихы" (ҚАТ) деп атауға әбден лайық шежірелік айғақ-деректерді кең көлемде пайдалана отырып, оны осы заманғы зерттеу әдістерінің талғам - талабына сай зерделеген. Қазақ этнологиясына қатысты тың да толымды пайымдаулар жасаған. Кітап Отан тарихына ден қойып жүрген ғалым - зерттеушілерге, сондай - ақ ел мен жер тарихын білуге құштар оқырман қауымға арналған.

      Сейдімбек А. Аққыз: повестер мен әңгімелер. - Алматы: Атамұра, 2002. - 288 б.

  Жинаққа жазушының оқырман қауым ықыласына бөленген "Күзеуде", "Аққыз" сияқты повестері мен әңгімелері енді. Бұл шығармаларда халқымыздың рухани биік парасаты, төлтума қасиеттері, мәдени бітімі шыншылдықпен көрініс тауып, ата-бабаның арман - аңсары, адам өмірінің мәні мен сөзі болады. Жазушының құнарлы тілі, халықтың тарихы мен өмір салтына жүйріктігі айрықша ден қойғызады.

     Сейдімбеков А. Сонар : деректі әңгімелер. - Алматы : Жалын, 1989. - 349 б.

      Оқырман қауымға көркем шығармаларымен, ғылыми-танымдық кітаптарымен танымал жазушы А.Сейдімбеков бұл кітабында төл мәдениетіміздің өткені, бүгіні және болашағы жайында сыр шертеді. Автор көркем творчествомыздың әр алуан түріне халықтың біртұтас тарихи - мәдени айғағы ретінде ден қояды. Кітап мол тарихи дерегімен, парасатты ой-тұжырымдарымен және тартымды тіл - стилімен назар аударады.

   Сейдімбеков А. Серпер : очерктер және деректі әңгімелер. - Алматы : Жазушы, 1982. - 205 б.

    Жазушы Ақселеу Сейдімбеков көп жылдардан бері республикалық газеттерде істейді. Ол Қазақстан Магниткасы жұмысшылары және Екібастұз кеншілерінің арасында жиі болады. Сонымен бірге диқандардың ерлік істері мен өнер шеберлерінің тың ізденістері де оның ұдайы жазып келе жатқан тақырыбы. Бұл жинақта ел игілігін еселеп жатқан замандастар бейнесі сомдалған.

    Сейдімбеков А. Күңгір-күңгір күмбездер : сұлулық туралы сырлар. - Алматы : Жалын, 1981. - 234 б.

   Тарих, мәдениет ескерткіштері біздің елде халықтың рухани асыл қазынасы ретінде мемлекет қамқорлығына алынған. Автор бұл кітабында мол тарихи, археологиялық, этнографиялық деректерге сүйене отырып, туған жер төсіндегі ескерткіш белгілер туралы сыр шертеді. Ұрпақтардың рухани сабақтастығы, халқымыздың терең тамырлы мәдениеті, бүгінгі гүлденіп көркейген Қазақстанның кемел шағы жайында ой толғайды.

   Сейдімбеков А. Тауға біткен жалбыз : әңгімелер мен. - Алматы: Жалын, 1979. - 204 б.

  Бұл кітапқа енген әңгімелер 1978 жылы балалар мен жастарға арналған әдеби шығармалардың республикалық конкурсында жүлде алған. Табиғат аясындағы қызықты да ғажайып сәттер, туған өлкенің бүгінгі келбетіндегі өзгерістер туралы жазушының ой түйіндеулері жұртшылық көңілінен шығады деп ойлаймыз. Кітаптағы "Ақиық" повесі автордың бұрынғы әңгімесінің негізінде жаңадан жазылған.

    Сейдімбеков А.Кеніш: Қарағанды облысы туралы кітап. – Алматы: Жалын, 1979. - 112 б.

     Баспамыздан "Менің Қазақстаным" атты серия бойынша алдағы жылдары жарық көретін республикамыздың облыстары жөніндегі кітаптардың алғашқысы Қарғанды өлкесіне арналып отыр. Қазыналы Қарағанды - Советтік заманның төл перзенті, республикамыздағы ең ірі өндіріс ошағы, қазақ жұмысшы табының алтын бесігі, одақтағы үшінші көмір қоймасы, сан-салалы ғылым-білім ордасы, кемелденген мәдениет ошағы... Облыстың кешегісі мен бүгінгісін, шабытты еңбек тынысын журналист - жазушы А. Сейдімбеков бірсыдырғы тәуір суреттеп берген.

Сейдімбеков А.

Қыр хикаялары . - Алматы : Жалын, 1977. - 156 б.

"Қыр хикаялары" деп аталатын бұл жинаққа жас жазушы Ақселеу Сейдімбековтың соңғы жылдары жазған бірнеше шағын повестері енгізіліп отыр. Мұндағы шығармалардың оқиғасы тартымды, тілі ширақ.

 

    Сейдімбек, А. Қазақтың күй өнері . - Астана : Күлтегін, 2002. - 831б. 
    Белгілі ғалым - зерттеуші Ақселеу Сланұлы Сейдімбек ұзақ жылдар бойы күй өнері туралы жүргізген кешенді зерттеуін аяқтап, оқырман назарына ұсынып отыр. Автор қазақ халқының рухани әлемінде айырықша орыны бар күй өнерін тарихи және этнографиялық аяда зерделеп, оның өзіндік қалыптасу жолдарын,әлеуметтік өмірмен біте қайнасқан болмысын, сондай-ақ төлтума қасиеттерін нақтылы айғақ-деректерге сүйене отырып саралайды. Кітапта қазақтың музыкалық мәдениетіне қатысты мейлінше мол эмпирикалық материалдар алғаш рет рухани айналымға түсіп, көптеген халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы тың дерек-тұжырымдар негізінде пайымдалған.

bottom of page