top of page

     Торайғыров Сұлтанмахмұт– қазақ ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері, ойшыл. Біз оны ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихынан келелі орын алатын демократ ақын деп танимыз. Ол өзінің шығармашылық жолында, негізінде, демократтық бағытты ұстап, сол кездегі қазақ тұрмысын, оның ішінде кедейлердің ауыр халі мен бай жуандардан көрген жәбір-жапасын реалистік тұрғыдан терең көрсетті. Қазақ халқын оқуға, өнер – білімге шақыра отырып, қожа-молдаларды қатал сынға алды, олардың кертартпа, кесірлі қылықтарын аяусыз әшкереледі. Ақын ел ішіндегі ескі әдет-ғұрыптарға қарсы тұрып, әсіресе әйел теңдігі мәселесіне айрықша көңіл бөліп отырды, қалың мал алу мен әмеңгерлікті жоюды көкседі. Ең алдымен, жазушы халық тілінің байлығын молынан пайдаланып, прозаның кесек үлгісін туғызуда жемісті еңбек етті. Сонымен бірге осындай жаңа бастамада қазақ әдебиетіне тың жаңалықтар енгізді, дәлірек айтсақ, Сұлтанмахмұт қазақ көркем прозасының іргесі қаланып, қалыптасуында әжептәуір еңбек сіңірген көрнекті өнер қайраткерлерінің бірі болды. С.Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес болып табылады.

bottom of page