top of page

Бәшен Баймұратқызы – қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Бердібек Соқпақбаевтың алғашқы сүйіп қосылған жары. Бәшен апай да Бердібек  ағаның  кіндік қаны тамған қасиетті топырақ – қазіргі Райымбек ауданының перзенті. Тағдырдың жазуы солай шығар, он үш жылдай отандасқан соң жолдары екіге айрылады.

Бәшен Баймұратқызы зейнеткерлікке шыққанға дейін Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Өндірістен қол үзбей, педагогика саласы бойынша ізденіп, кандидаттық диссертациясын қорғайды, доцент болады. Осы жылдар ішінде республикалық басылымдарда оның жетпіске тарта ғылыми еңбектері жарияланады. Бірнеше монографиялық еңбектері жарық көреді. Осы рухани  дүниелері  Үкімет тарапынан лайықты бағаланып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағына ие болады. Таяуда біз Бәшен апайдың қонақжай шаңырағында болып, өткен өмір белестері жайлы әңгімелескен едік.

– Бердібек ағаймен ең алғаш танысқан кездеріңіз есіңізде ме?

– Мен 1945 – 1948 жылдар аралығында Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінде оқыдым. Ол кезде Бердібек ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінің 3 курс студенті болатын. Ұлы Отан соғысы бітіп, ел әлі етек-жеңін жинап үлгермеген кез болғандықтан, клуб, кафе дегендер ашыла қоймаған еді. Олардың болмағаны да біздің дұрыс тәлім-тәрбие алуымызға игі әсерін тигізді ғой деп ойлаймын. Өйткені сол кезде Бердібекпен бірге оқыған азаматтардың барлығы да көрнекті жазушы, саңлақ сыншы, ірі әдебиетшілер болып кетті. Сол ҚазПИ-дің 3 курс студенттері бізге жиі келіп, өндірістік тәжірибеден өтетін. Сабақ беретін, ойын-сауық ұйымдастыратын. Әйтеуір бәрі белсенді болуға тырысып бағатын. Бір күні олар наурыз мерекесіне орай мәдени кеш өткізді. Сол кештің соңынан «Пошташы» деген ұлттық ойындардың бірін ойнадық. Жігіттер жағы қыздарға хат жазып, ширатып-ширатып алдарына тастайды. Қыздар ол хаттарға жауап қайыруы тиіс. Бердібектен сондай хаттың бірін мен де алдым. Бірақ жауап жазбадым. Өйткені мен әкемнен ерте айрылдым. Шаңырақтың тұңғышы едім. Менен кейін төрт бауырым болатын. Ал анам аудандық партия комитетінде еден жуушы болып істейтін. Сондағы бар мақсатым – оқуды бітіріп, елге барып қызмет жасау, бауырларыма қарайласып, анама көмектесу. Бердібек мұның бәрін білетін. Сонымен не керек, мемлекеттік емтиханды тапсырып, білім ордасын ойдағыдай бітірген күні «көлікке билет алып қойдым» деп Бердібек келіп тұр. Қысқасы, сөйтіп отбасын құрдық. Нарынқол ауданының «Қостөбе» деген ауылына келін болып түстім. Тұңғыш перзентіміздің аты Қуаныш болатын. Ол Мұқағали Мақатаев туған «Тұзкөл» деген елді мекенде тұрған кезімізде шетінеп кетті. Одан кейін өмірге Самал деген қыз келді. Ол бала күнінен кітап оқығанды ұнататын. Жазуға да икемі бар еді. Ол әке жолын қуып, журналист болуға талпынды. Бірақ оны журналистика факультетіне түсіруге шамам келмеді. Сосын: «Қалайда жоғары білім алуың керек» деп ҚазМУ-дің химия факультетіне түсірдім. Ол алғашында жылап, көнбеді. Кейін сол химия факультетін жақсы бітірді. Бірақ бәрібір жазуға аңсары ауып, өзі армандаған мамандығы бойынша біраз жыл қызмет атқарды. Өзінің әкесінен бастап, бірнеше қаламгерлердің шығармалары мен қазақ ертегілерін орыс тілінде сөйлетті. Қазір тәп-тәуір аудармашы.

– Бердібек ағамыздың жастардың арасында қолдан-қолға тимей жүріп оқылған «Қайдасың, Гауһар?» атты повесі бар. Сондағы Гауһардың кім екенін білесіз бе?

– Шығарманың «Қайдасың, Гауһар?» деп аталуының өзінде де белгілі бір себептер бар ғой. Оның астарында драмалық мән-мазмұн жатыр. Бердібек бізбен ажырасып, басын тауға да, тасқа да ұрып жүргенде осы шығармасын жазды. Бір күні кітапханаға барсам, Бердібектің «Қайдасың, Гауһар?» деген кітабы сатылып жатыр екен. Басында кітап біз туралы екенін білген жоқпын. Зейін қойып оқып шықсам, басымыздан өткен оқиғалардың барлығы, тіпті тұрған үйіміздің мекенжайына дейін сол қалпында беріліпті. Әрине, көркем шығарма болғандықтан, кей тұстарына өзгерістер енгізуі мүмкін. Дегенмен шығарма біз туралы екендігіне шүбә жоқ. Мені танитын адамдар: «бұл әйел әбден мақтаныпты ғой» демесін. Мен мақтансам, орнымен мақтанып отырмын. Себебі Бердібек бізді өте жақсы көрді. Бірақ арамызға әзәзіл түсіп, дәм-тұзымыз жараспады.

– Одан кейінгі өмірлеріңіз қалай болды? Қайта қосылуға талпыныс жасап көрдіңіздер ме?

– Менің тарапымнан ондай әрекеттер болған жоқ. Ал Бердібек қайта қосылуымызды қалады. Бірақ мен көнбей қойдым. Кейін ол екінші әйел алып, үй болып кетті. Әрине, өмірде сәтсіздіктер көп болады. Соған төтеп беруге, тағдырдың тәлкегіне морт сынбауға тырыстым. Әкесіз өскен қыз емеспін бе, өзіме-өзім күш-қайрат бердім. Екінші некем сәтті болды. Мені түсінетін, қызыма әке болатын жар таптым деп ойлаймын.

– «Өлгендер қайтып келмейді» деген романындағы Еркін автордың өзі емес пе?

– Еркін – Бердібектің өзі. Ол маған осы шығармадағы оқиғалар туралы айтып отыратын. ФЗО-дан қашқаны, Бәтима деген келіншектің арбасымен Кегенге дейін келіп, сол үйде тұрғаны – бәрі шындық. «Сол жесір әйелге үйленіп қоя жаздадым» деп күлуші еді.

– «Менің атым Қожа» повесінде Жанар есімді қыз бар. Сол кейіпкердің атын автор өзінің қайтыс болған қызының атымен атаған деген сөз бар. Осы қаншалықты рас?

– Иә, ол шығармадағы Жанар – біздің қызымыздың аты. Ол бес жасар кезінде қайтыс болды. Ол туындыны оқыған оқырмандар немесе киносын көрген көрермендер: «Егер Қожа – Бердібектің өзі болса, қызына қалай ғашық болады?» деп ойлауы мүмкін. Мұнда Бердібек қызының есімін естелік ретінде қалсын деп енгізіп отыр. Ол жөнінде менімен ақылдасқан болатын.

– «Балалық шаққа саяхат» повесінде Тұрдыбек деген інісінің аянышты тағдыры туралы айтады. Сол Тұрдыбектің көзі тірі ме? Онымен араласып тұрасыздар ма?

– Иә, Тұрдыбекпен жиі араласып тұрдық. Ол бұрынғы Талдықорған облысында қойшы болып жүруші еді. Соңғы екі жылдан бері хабарсызбыз. Неге екенін білмеймін, келмей жүр. Оның бір қызы біздің үйде жатып оқыды. Оқуын бітіріп кеткен соң, ол да келмей кетті. Тұрмыс құрды ма, білмедім. Қанша дегенмен, Тұрдыбек Бердібектің туған бауыры ғой. Біз, Бердібек екеуміз, азды-көпті отандастық. Жақсылы-жаманды бірге ғұмыр кештік. Өмірдің ащысын бірге тарттық. Мен келін болып түскенде үйде кесе-шәйнек, көрпе-төсек деген болған жоқ. Ұмытпасам, Мамырхан деген көршіден текемет алып, бір көршіден кесе-шәйнек сұрап шай ішетін едік. Бекең өмірінің тұщы жағын екінші әйелімен көрді. Ол әйелінен екі бала бар еді. Біреуі азамат болып қалған шағында мезгілсіз қайтыс болып кетті деп естідім. Одан Тахауи деген бала қалғанға ұқсайды.

– Бердібек ағаның жақсы қасиеттері туралы не айтасыз? Жалпы, ол қандай адам еді?

– Бердібек өте адал, әділетті адам еді. Өзінің сенген адамдарына, достарына құлай берілетін. Өтірік айтқанды жақтырмайтын. Балажан еді. Кім не айтса, соған сене салатын. Аңқаулығы да бар болатын. Сосын еңбекқор еді. Шығармаларын көбіне түнде жазатын. Таң атқанша отыра беретін. Ондай кезде біз оған кедергі жасамауға тырысатынбыз. Самалға кітап оқуды үйретті.

– Бердібек ағаның балалық шағы көп қиыншылықпен өтті. Ғұмырының соңында да аз теперіш көрмеген сыңайлы. Осының бәрі неге байланысты болды деп ойлайсыз?

– Бердібек анасынан жастай қалып, өмірдің тауқыметін сол кезде-ақ тартты ғой. Қарап отырсаңыз, оның ғұмыры кілең тар жол, тайғақ кешуден тұрады. Бірде маған: «Біздің үйдің алдында ескі там болатын. Соған кіріп алып, анамды жоқтап жылайтынмын» деп еді. Сөйтіп жылап жүргенде еңбектеуге жарап қалған Тұрдыбек інісі отқа түсіп кетіп, бір қолы бүрісіп, мүгедек болып қалған. Құдайдың берген дарынының арқасында ол тағдыр талайына төтеп беріп, ешкімге жалтақтамай, ағынға қарсы жүзді. Шығармалары арқылы шындықты айтқысы келді. Бірақ олардың бәрі өзіне соққы болып тиді. «Менің атым Қожа» повесінің бағын Мәскеу ашты. Содан кейін барып бізде басылды. Ол шығарма кейін 16 тілге аударылды. Ал көп туындылары тең жартысына дейін қысқартылып барып жарық көрді. Еліміз егемендік алып жатқан тұста «Халық жазушысы», Мемлекеттік сыйлық сияқты атақ алуға ұсынылып еді, бермей қойды. Осының бәрін көңіліне ауыр алып, ішқұса болды ғой деймін. Сөйтіп өмірінің соңы да қайғылы қазамен аяқталды.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ

bottom of page