top of page

Софының баспа бетін көрген тұңғыш кітабы – «Астана оттары» (1968) атты өлеңдер жинағы. Содан бергі уақытта ол әр жанрда 20-ға жуық кітап жариялады. Софы өндіріс маманы есебінде шығармаларын негізінен өзі білетін өмір шындығына сүйеніп жазды. Оның әңгіме-хикаяттарының кейіпкерлері – жұмысшы ортасынан шыққан жастар. Жазушы олардың өмір танудағы алғашқы баспалдағын көркем суреттеуге ұмтылады. Мұны біз жазушының «Алау» , «Аймандай» хикаяттарынан аңғарамыз. 

 Жазушыны кеңес дәуірінің қайшылықты тарихы да қызықтырды. «Алғашқы асу» хикаятында ол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақтар бастан кешкен ауыр тұрмыс-тіршіліктің көркем суреттерін жасауға ұмтылды. Аштықтан, қуғын-сүргіннен мезі болған елдің қоныс аударуы, оларды қуып, қолға түсіріп қайтару, жазалау оқиғалары сол дәуірдің ащы шындығына сүйене жазылған. Кейін ол бұл тақырыпқа қайта оралып, «Ақжелкен» атты роман жазды. 

 Софының жазушылық есімін танытқан – оның романдары, әсіресе, тарихи романдары. «Елім-ай» – оның тұңғыш романы. Бұл қазақ тарихының ең күрделі әрі ауыр дәуірінде туған осы атаулы халық әні тарихымен тікелей байланысты. Жазушы өзі романның жазылуына ой салған осы «Елім-ай» әні болғанын әңгімелейді. Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары жиналып, елді еске алғанда, айтатын әндерінің бірі – «Елім-ай» болыпты.

 Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ел билігінің ауысуына байланысты партиялық қатаң бақылаудың босаң тартқаны, әдебиет пен өнерде «жылымық» аталатын кезең туып, белгілі дәрежеде қаламгерлердің еркіндік алғаны тарихтан мәлім. Осы бір тұста бұрын әдебиетте ақтаңдақ күйде қалып келген, әр халықтың ұлттық сезімі мен Отан сүйгіштігін айқындауға мүмкіндік беретін тарихи тақырыпқа жаппай бетбұрыс басталды. Ел мен жер, халық тарихы арқылы өмірдің бұралаң, қайшылықты даму сырларын көркем әдебиетте бейнелеп көрсету мүмкіндігі туды. І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев сияқты қаламгерлер қазақ тарихының қайшылықты мәселелерін көтеріп, романдар жазды. Осы ғалымдармен бірге қазақ тарихы тақырыбына қалам тербеп, осы топтың алдыңғы легінде «Елім-ай» атты шығармасымен көзге түскен – С.Сматаев болатын. 

 «Елім-ай» – жазушы сайын сахараның ойы мен қырына, көлі мен шөліне, туған халқына, оның ұлттық дәстүріне, салт-санасына, мейлінше бай тіліне, дала төсіндегі қыбырсыз қорған-қорымдарда үнсіз жатқан ата-баба рухына табынған сүйіспеншілігі», - дейді З.Серіққалиев. Сол дәуірдегі қазақ-қалмақ қатынастары және оған қатысқан батырлар мен ел басшыларының өмірін, еңбегін Софы кейінгі шығармаларына да арқау етті.

 

Шығармалары:

 - Астана оттары. Өлеңдер мен балладалар. А., «Жазушы», 1968;

 

- Армысың, ана! Әңгімелер, повесть. А., «Жазушы», 1970;

 

- Алау. Повесть. А., «Жазушы», 1974;

 

- Елім-ай. Роман. 1-ші кітап. А., «Жазушы», 1976;

 

- Ақжелең. Роман. А., «Жалын», 1979;

 

- Елім-ай. 2-ші кітап. Роман. А., «Жазушы» 1980;

 

- Қобыланды батыр. Повесть. А., «Жалын», 1981;

 

- Алғашқы асу. Повестер. А., «Жалын», 1982;

 

- Бұлақ. Роман. А., «Жазушы», 1983;

 

- Песнь моя – боль мая. Роман. Кн.1. М., «Советский писатель», 1983;

 

- Ой маржандары. Мақалдар. А., «Жалын», 1984;

 

- Ғарышқа көз тіккен жер. Әңгімелер. А., «Жалын», 1985;

 

- Песнь моя – боль моя. Роман. Кн.2. М., «Советский писатель», 1987;

 

- Мәңгілік бастауы. Роман. А., «Жалын», 1987;

 

- Үш пайғамбар. Мақалалар. А., «Дәуір», 1992;

 

- Мой друг, мой брат. Рассказы. А., «Жазушы», 1988;

 

- Әзіл-әзәзіл. Пьесалар. А., «Өнер», 1988;

 

- Елім-ай. Роман-трилогия. «Санат», 1998;

 

- Жарылқап батыр. Роман. «Айқос», 2000;

 

- «Қайран жастық», Повестер. Астана. «Елорда», 2001;

 

- Елім-ай. 3-ші кітап. А., «Қазығұрт», 2003;

 

- Елім-ай. Роман-трилогия. «Атамұра», 1-ші кітап; 2–3-кітаптар. «Фолиант», 2003;

 

- «Біз— құлмыз ба, кімбіз?». Роман. «Елорда», 2005;

 

- «Базарың құтты болсын». Киноповестер. «Құс жолы», 2007;

 

- «Әулет сыры» . Дастан. «Құс жолы», 2007;

 

- «Ұядан қияға ұшқандар». Дастан. «Құс жолы», 2008;

 

- «Аналар-ай – Даналар-ай». Дастан. «Құс жолы», 2008;

 

- Он жеті томдық шығармалар жинағы. «Ел-шежіре», 2008.

bottom of page