
"Тың тақырыптардың тарланы – Дулат Исабеков"
…Дулат творчествосындағы жазушылық ұстанымына тән бір ерекшелігін айтпай кетуге болмайды. Ол – Дулаттың түптің түбінде кішкентай адамдардың тағдыры жөнінде үлкен бастауды Бальзактан алып, оны кейін орыстың ұлы жазушылары Гоголь, Достоевский, Чехов, Горькийлер мейлінше жеріне жеткізіп, жан-жағынан алып, кең қамтып жазып еді. Оны бізде, кезінде өзінің әңгімелерімен Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, енді бүгінде Дулат Исабеков әлем әдебиетінде үлкен орын алған осы тақырыпты атақты үш повесі «Дермене», «Сүйекші», «Тіршілікке» бірыңғай арқау қылып алып отыр.
Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстанның Халық жазушысы
Бүгінде қазақ драматургиясында жемісті еңбек етіп, көп шаруа тындырып жүрген драматургтер көп емес. Дегенмен, осы салада қазақ театрларының репетруарына азық болып келе жатқан, ұзақ жылдан бері сахна төрінен түспейтін қазақтың іргелі театрларының көбі қойып жүрген пьесалардың басым көпшілігі – құрметті Дулат Исабековтыкі. Дулат драматургияға ерте келген. Содан бері өзінің тың тақырыбымен, творчестволық ізденістерімен, сахна мәдениетін биік меңгергендігімен танылып келеді. Мен өзім режиссер болғалы бері Дулаттың қаламынан шыққан пьесаларының басым көпшілігін қойғанмын. Сондықтан, бір кісідей Дулатты драматург, жазушы, азамат ретінде, жалпы өзінің болмысын көптен бері қадағалап жүрген адам болғандықтан оның творчествосына, бүгінгі бір кемел жасқа келіп отырған кезінде қуанышына ортақтасқым келеді. Шабыттың шауқарында, биікте отырған қазақ қанына тән патриот адамның қазақ сахнасына әлі де талай дүниелер әкелетініне сенемін.
Есмұхан ОБАЕВ,
ҚР Халық әртісі, профессор, режиссер
Жазушы Дулат Исабеков дегенде ең алдымен, оқырман ретінде тұңғыш таныған «Тіршілік», «Сүйекші», «Дермене», «Гауһартас» тәрізді хикаяттар еске түседі. Тіптен әлі күнге дейін «Сүйекшінің» халі, сюжеті көз алдымызда тұрады. Қаламгердің осы шығармасын кемінде екі-үш қайтара оқығанбыз. Көркем прозаның бір құдіреті бар ғой, егер де шын талантты қолдан туған проза болатын болса, адам оны бір ғана оқып тастамайды. Оқырман оған бірнеше рет қайта айналып соғатын болады. Ал ондай шығарманың авторын классик деп есептеуге болады. Әрі ол туындылар қазақ қара сөзінің жауһарлары болып саналады. Демек, Дулат Исабековті де сол қатардағы жазушы деуге әбден болады.
Смағұл Елубай, жазушы
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Дулат Исабекұлының әңгімелері мен повестері, романдары мен пьеса, киносценарилері әдебиет жарық жұлдыздарының қатарында әлемдік кеңістікте шарықтап жүргеніне де, міне анау-мынау емес, жарты ғасыр асыпты. Және оның шығармалары қай кезеңдерде де, қай кеңістікте де өз оқырмандарымен, өз тыңдарман, өз көрермендерімен тіл табысып, үндесіп, бірге жасап келеді. Олар әрине, әуелі өз Отанында танылып, одан соң алуан тілдерге тәржімаланып, алыс-жақын шетелдердегі оқырман, көрермендерімен көзайым боп қауышты.
Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ,
аудармашы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты