top of page

        Белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысыны, Сайрам ауданына қарасты Ленин жолы колхозында дүниеге келген. Алғашқы азан шақырылып қойылған есімі  – Нысанбай. Сондай-ақ, Дулат Исабеков 20 желтоқсанда дүниеге келгенімен, екінші туған күні 20 қазан деп есептеледі.

         Болашақ жазушының атасы Алдаберген қара жұмысшы болып жұмыс істеп, Ташкент пен Түркістан аралығындағы теміржолды салған. Қара жұмысты көп істегеннен, жазылмайтын ауруға шалдығып, баласы Исабекті кенже інісі Мәуленге тапсырып кетеді. Содан Исабек әкесіндей болған Мәленнің қолында тәрбиеленіп, сонда үйленіп, өз отбасын  құрады.

      Дулат Исабековтың ата-бабасы жалпы Сырдың ар жағынан болған. 40-жылдары колхоздар көп ашылып, ауылға адамдар керек болғандықтан, әкесі Исабекті бала-шағасымен бірге Сайрам жаққа айдап жіберген. Исабек төрт баламен көшіп кеткенде әйелі бесінші балаға, яғни Дулат Исабековке жүкті болған.

Сонда келіні босанатын кез келіп қалғанда атасы Мәулен Сырдың екінші жағына қоныс аударған баласы Исабектің үйіне қуғыншы жібереді. Ол кісі өз заманында жоғары білімді атақты молда болған. Және әулетіндегі ұл балалардың есімін өзі қойған. Сол кезде Мәулен молда Исабектің үйіне қуғыншы жіберіп: «Егер ұл бала болса мына есімді қойыңдар. Бұл баланың есімін енді кітаптан қоймаймын. Қалың дулаттардың арасында дүниеге келді. Өскен, өнген ел. Сондықтан атын Дулат қойыңдар» дейді. Ал, ол кезде болашақ жазушы дүние есігін ашып қойған еді. Оның үстіне ата-анасы да құлағындағы тесігіне байланыстырып, ұлдарының есімін Нысанбай қойып қояды. Алайда, туғандарынан баланың есімін Дулат қойыңдар деген хабарды алған Исабек қайтадан азан шақырып, балаға Дулат есімін береді.

         Әкесі соғыске кеткенде Дулат Исабеков жөргектегі бала болған. Содан танымайтын елдің ортасында, отыратын там да жоқ айдалада бес баланы құшақтап анасы Күмісгүл жазғыз қалады. Осындай жағдайда балалар ауырып, әсіресе үйдің кенжесі Дулат аурушаң болып, қатты сырқаттанып қалады. Бала тірі қалмайды дегенді естіген анаға бір күні Дулаттың қайтыс болғанын айтады. Сонда анасы көзінен жасын сығып, баланың мәйітін дәлізге, ауыз тамға шығара салыңдар депті. Сөйтіп, бала Дулатты ауыз тамға шығарып, киізге орап қойған. Ал ертесі, таңертең жұртшылық қолдарына күректерін алып, молаға қарай шығады. Олар баланы көму үшін жер қазып жатқанда, көрші кемпірлер келіп, «баланы алып шығыңдар» дейді. Сол кезде көрші әже келіп баланы алып, бетіне қарағанда, өлді деген Дулат Исабеков ыржиып күлген. Жерлеуге әкелген баланың күлгенін көрген әже шошығаннан сәбиді жерге тастап жіберген. Содан кейін қайтадан көтеріп алып келіп, Дулаттың анасына: «Күмісгүл-ау  сенің балаң тірі ғой» деген. Бұны естіген ана еңкілдеп тұрып жылаған. Баласының өлді дегеніне сенген ана аз болмағанда тектегін көміп жіберер еді. 

bottom of page