ЖЫР ПАДИШАСЫ - ФАРИЗА
Фариза Оңғарсынова - көркемсөз майданында ақын мен жазушыға тән ерлік, батылдық, адалдық, ұлтжандылық, намысқойлық және адамгершілік секілді қасиеттердің биігінен көрінген ақын. Ақынның өлеңдері кейінгі ұрпақты ерлікке, нәзік болуға, туған жер мен адамзатты сүюге апаратын жол іспетті.
Ол 1939 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы, Исатай ауданы, Манаш ауылында өмірге келген. Шығармашылықпен айналысып қана қоймай, 1996-2004 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымдарының депутаты болған. Фаризаның әкесі Оңғарсын Иманғалиев — оқыған, елге қадірлі азамат. Қазіргі Атырау облысында алғаш балық шаруашылығын ұйымдастырған. Ал анасы Қалима Иманғалиева арабша хат танып, қазақ ауыз әдебиетін жақсы білген. Он баланы дүниеге әкелген ана бес уақыт намазы мен оразасын қаза қылмаған.
Ақын қыз үйдің кенжесі, бауырларының біразы жастай қайтыс болған. Әкесі жүрегі ауырып ерте көз жұмды, ал анасы 70-жылдары дүниеден өткен.
Айвар есімді ұлы мен Анар есімді келіні, Әнел, Алан және Анита атты немерелері бар. Сондай-ақ, ақын ерте қайтыс болған жалғыз ағасының ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірген.
Ақын 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, мектепке мұғалім болып жұмысқа кіреді. Кейін облыстық "Коммунистік еңбек" газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып орналасады. 1968-1970 жылдары сол кездегі "Лениншіл жас" газетінің Орал, Гурьев және Ақтөбе облыстары бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істейді. Қазір бұл газет "Жас Алаш" деп аталып жүр. Бұдан кейін 1970-1978 жылдары аралығында қазіргі "Ұлан", сол кездегі "Қазақстан пионері" газетінің бас редакторы қызметін атқарады. 1978-2000 жылдары қазіргі "Ақжелкен", сол кездегі "Пионер" журналының бас редакторы, 2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты болған.