top of page

Иә, адам өмірі деген тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні сарқылып бітіп қалғанын білмей де, байқамай да қалады екенсің!

***

Әйел затын, жалпы, нәзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көнбістің ең көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын.

***

Ерді намыс өлтіреді деген рас сөз. Ауыр тұрмыс адамның тауын шағып, мұқатады екен.

***

Ауыздан шыққан анттың бәрі орындалса адам адам емес, баяғыда-ақ періште болған болар еді…

***

Жаман әдет жұқпалы деген рас…

***

Соғыста өлем-ау немесе жараланып, өмір бойы қор болып, кемтар болып қалам-ау деген ой онша күйзелтпейді. Өлетіндер өздерінің нашарлығынан, ебедейсіздігінен өліп жататын тәрізді.

bottom of page